Бэнкси қоғамды дүрліктірген суреттердің авторы өзі екенін растады

Атақты көше суретшісі Бэнкси Англияның шығысында табылған он суреттің авторы өзі екенін растады. Бұл туралы BBC хабарлайды.

Сызбалар Норфолк пен Саффолк округтеріндегі қалаларда (Грейт-Ярмут, Горлстон, Кромер, Лоустофт және Олтон-Брод) 2021 жылдың тамызынан бастап пайда болды. Жергілікті тұрғындар бұл Бэнксидің қолынан шыққан нәрсе деп болжаған еді, бірақ қазір біз оған 100% сенімдіміз.

Суретшінің Инстаграмдағы парақшасында ол фургонмен Лоустофтқа келіп, шезлонгда жатып коктейль ішетін егеуқұйрық бейнеленген граффитиді салған видео пайда болды. Бейнеде шаяндар, шағала, қайықтағы балалар, биші жұп және аккордеоншы суреттері секілді басқа да жұмыстарын көруге болады.

 

Бейнеролик A Great British Spraycation деп аталады. Өкініштісі, ол жерде суретшінің бетін көрмейсіз, бірақ оның сызбалармен жасаған жұмысын егжей–тегжейлі тамашалай аласыз.

Бір қызығы, Бэнкси лақап атымен танылған суретшінің кім екені белгісіз. Ол ешқашан халық алдына шықпаған және толық есімін жарияламаған. Оның ең басты ерекшелігі – тек мұражайлардан ғана тамашалауға болатын өнер туындыларын "көшеге шығаруы". Яғни, көпке қолжетімді етуі.

Осыдан екі жыл бұрын YouGov жүргізген сауалнама британиялықтардың сүйікті суретшісі Бэнкси екенін анықтаған еді. "Сіздің сүйікті суретшіңіз бен мүсіншіңіз кім?" деген сұраққа 2000 адам жауап берген екен. Олардың көбі осы аноним шеберді атапты. Нәтижесінде Бэнкси классиктерден жоғары сатыға жайғасты. Одан кейінгі қатарларда Леонардо да Винчи, Винсент Ван Гог, Рембрандт пен Моне орналасқан. Оның есімі көп аталуы стрит-арт пен андеграундтық өнердің танымал екенінің дәлелі.