Шоқан Уәлихановтың қазақ мақал-мәтелдерін зерттеуі

Шоқан Уәлихановтың қазақ мақал-мәтелдерін зерттеуі

Шоқан Уәлиханов – мақал-мәтелдерді жинап зерттеуші, оған баға беруші ретінде де қазақ ортасынан шыққан алғашқы ғалым. Ол мақалдардың мәнін, таным мен тәлім-тәрбиеге әсерін сан қырынан зерттеді.

Тәрбиелік мәні зор асыл мұра, әдебиетіміздің көне және бай салаларының бірі – мақал-мәтелдер. Онда халық ойының ең түйінді, ең қысқа, дәл тұжырымдалған мәуелі жемісі жинақталады.

Шоқан Уәлиханов өзінің Ыстықкөлге барған сапары кезінде жазған күнделіктерінде патриархтық моральдан, ислам дініне сенуден туындаған афорзимдерді, өлеңдерді, мақал-мәтелдерді көп кездестіргенін айтады. Сонымен бірге отырықшылыққа, егіншілік кәсібіне, еңбекке байланысты тараған мақал-мәтелдердің де біразына көңіл бөледі. "Не ексең соны орасың","Ексең егін, аларсың тегін"; "Еңбегі көптің – өнбегі көп" деген тәрізді тәрбиелік мәні зор пайымдаулар, біріншіден, диқаншылық өмірден елес берсе, екіншіден, халқымыздың еңбекті қадір тұтқанынан да сыр тартады дейді. Бұған керісінше, "Ұйқы жанның тынышы, иман жанның қуанышы" немесе "Сұлтансыз халық болмас, тірексіз үй тұрмас" және басқа да осы сарындас мақал-мәтелдерді ғалым нағыз кертартпа, феодалдық құрылыстың шіріктігін дәріптейтін мақал-мәтелдер деп танып, ауыз әдебиеті үлгілерін бағалауда метафизикалық көзқараста болған Буслаевтың айтқандарын сынады.

"Ұлы жүздің мәтелдері" ("Поговорки Большой орды") еңбегінде ғалым өзі жинақтаған мәтелдердің, қазақ тіліндегі біраз нұсқасын сол қалпында араб альфавитімен өзгертпей берген және олардың орыс тіліндегі баламаларын да дәл жеткізген. "Ақыл дария екен, көңіл дүлдүл екен", "Сусыз жерде қамыс жоқ, азған елде намыс жоқ" және басқа жа Ұлы жүз қазақтары арасында кең тараған мәтелдер жұртшылыққа қазақша, орысша таныстырылған. Ғалым мақал-мәтелдердің ұтымды, ұтқыр жақтарына ерекше зер салған.

Шоқан Уәлиханов мақал-мәтелдердің, біріншіден, қазақтың тұрмысына қатысты екенін, екіншіден, өмір шындығына, халықтың нақты өмір-тіршілігінің кодекстік мазмұнына байланыстылығына, үшіншіден, "тәжірибелік ақиқаттың" айғағы екеніне ой жүгірткен.

"Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдықтары" деген еңбегінде "Ақ түйенің қарны жарылды" деген мәтелдің ерекше қуанышты жағдайда қолданылатынын, мәселен, жаны ашыр жақын адам қауіпті жорықтан немесе алыс жолдан аман-есен қайтып келгенде, көптен ынтызар болып жүрген мұрагер ұл туғанда айтылатынын тебірене толғайды.

"Қазақ мақалдары ықылым замандағы көріністі, сенімді айқындай түсетін құрал ретінде пайдаланылады", - деп жазды ғалым. Қазақ тілінде халықтың, мінез-құлқын, жалпы ерекшелігі туралы ұғымды нақты білдіретін мақалдар да бар дей келіп, мақалдарды бір тілден екінші тілге аударғанда мәні кететінін, оны дәл аударудың қиындығын айтқан және өзінің үш жүздей мақал жинағанын да білдірген.

Шоқан ғылыми еңбектерінің көпшілігін орыс тілінде жазған. Оның көптеген тілді жетік білуі қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерінен басқа тілдерге, әсіресе, орыс тіліне аударуға мүмкіндік берді. Зерттеуші қазақтың тұжырымды ойға құрылған мақал-мәтелдерінің қайсыбіреулерінің мазмұнын дәл сақтай отырып орысшаға аударды, оған түсінік берді. Ондағы ойы оқырман қауымды халқымыздың мәдениетімен, әдебиетімен тереңірек таныстыра түсу болды.

Пайдаланған әдебиет

Н. Қанафияұлы, "Түнекті түрген найзағай"


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана
Бүгін үш ойын өтеді