- Негізгі бет
- Әлемтану
- Сыры ашылмаған 5...
Сыры ашылмаған 5 тарихи құпия
Тарих сырға толы, өкінішке қарай, олардың көпшілігі уақыт-құмының астында қалып қойып жатыр. Кейбір тарихи тұлғалар мен көне жәдігерлердің болған болмағандығы туралы тарихшылардың пікірі бір арнаға тоғыспай келе жатыр. Массагет порталы Қазіргі заманда табылған ірі қазыналар мен Қай жерде екені белгісіз әлемдегі ірі қазыналар тізімін ұсынған болатын. Енді ғасырлар бойы табылмай, сыры ашылмай келе жатқан 5 тарихи құпия тізімін ұсынамыз.
© wikipedia
1. Король Артур өмірде болған ба, болмаған ба?
Камелот сарайы, Дөңгелек үстелде отыратын рыцарлар, Сиқыршы Мерлин, Экскалибур қылышы... Иә, бұл ортағасырлық ертегілер мен романдардың аты аңызға айналған қаһарманы – Король Артур. Ол әділ билеуші, ар-намыс пен рыцарлық кодты қорғаушы ретінде адамдар есінде қалды.
Аңыз бойынша, Король Артур V-VІ ғасырлар арасында өмір сүрген және Ұлыбританияны мекендеген британдықтардың басшысы болған. Дәстүр бойынша, англо-саксондық герман тайпаларының Ұлыбритания аралдарына жасаған шабуылы мен Ұлы халықтардың қоныс аударуы кезінде Артур басқыншыларға тойтарыс берген топты басқарған.
Дегенмен, қазіргі заманғы бірде-бір тарихшы бұл адамның шынымен өмір сүргенін нақты айта алмайды. Ғалымдар бірнеше рет Артурдың аңызға айналған бейнесін сол немесе басқа тарихи тұлғаға жатқызуға тырысты, бірақ барлық әрекеттер нәтижесіз аяқталды.
Корнуолл графтығы Тинтагел қамалының қирандыларының жанында орналасқан. Артур патша туралы ең алғашқы сілтемелер ІХ ғасырға жатады және олар саксондармен бірнеше шайқастарға қатысқан көшбасшы (тіпті патша емес) ретінде суреттелген. Бұл дәлелдердің дұрыстығы күмәнді және көптеген зерттеушілер оны байыппен қабылдамайды.
Біраз уақыттан кейін, ХІІ ғасырда Артур патшаның тұлғасы Францияның солтүстігінде өлеңмен жазылған ортағасырлық рыцарьлық романстардың циклінде пайда болды. Бірақ бұл романдар тек әдеби шығарма, тарихи құжат емес.
Ұлыбританияда дәстүрлі түрде Король Артур туралы аңызбен байланыстырылатын бірқатар ескерткіштер бар. Мысалы, болашақ патша дүниеге келген деп есептелетін Тинтагельдің қазіргі қираған сарайы. Бірақ қамал қирандыларының орнында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде ғалымдар Король Артурдың жеке басының шындығын растайтын ешқандай дәлел таба алмады.
© wiki / "Клеопатраның өлімі" – филиппиндік суретші Хуан Лунаның 1881 жылы салған картинасы
2. Клеопатра қабірі қайда?
Клеопатра немесе Клеопатра VII Филопатор – эллиндік Египеттің соңғы ханшайымы. Ол рим қолбасшысы Марк Антонидің драмалық махаббат хикаясымен танымал. Антоний өзін өлтіргеннен кейін, Мысыр Римге бағынған кезде патшайым Рим императоры Октавиан Августтың тұтқынына айналмас үшін ол да өз-өзіне қол жұмсаған.
Ежелгі тарихшылар олардың қызметшілері ғашықтарды өлгеннен кейін біздің эрамызға дейінгі 30 жылы бірге жерлеген деп мәлімдеді. Ежелгі грек тарихшысы Плутарх (45-120) Клеопатра мен Антонийдің қабірі мысырлық құдай Исида ғибадатханасының жанында орналасқанын және іші өте әсем "керемет және әдемі ескерткіш" екенін жазды. Оның ішін безендіру кезінде алтын, күміс, гауһар, інжу-маржан және піл сүйегін көп қолданған.
Мысыр патшайымы мен Рим қолбасшысының қабірі қайда екені әлі күнге дейін жұмбақ. 2010 жылы Египеттің Ежелгі ескерткіштер жоғары кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Захи Хавасс Клеопатра кезінде жоғары лауазымды тұлғалар жерленген Тапозитирис Магна ауылында қазба жұмыстарын жүргізді. Археологтар сол кезде көптеген қызықты жаңалықтар ашқанымен, Клеопатра мен Антонийдің қабірін таба алмады. Зерттеушілер патшайымның бейіті бүгінге дейін сақталып қалса да, қарақшылардың қолынан қатты зардап шегуі мүмкін екенін, мұндай жағдайда оны тану өте қиын болатынын атап өтті.
© sok.media
3. Оук аралының қазыналары
Үш жүз жылдан астам уақыт бойы қазына іздеушілердің армына болған арал – Оук. Арал Канаданың Жаңа Шотландия жағалауында орналасқан. Оукта Шотландиялық теңізші және қарақшы Уильям Кидд (1645-1701) қалдырған қазына бар екені айтылады. Бұл қазыналарды іздеуге көптеген экспедициялар жіберілді, оған миллиондаған доллар жұмсалды, бірақ ешқайсысы нәтиже бермеді. Бүкіл зерттеу кезеңіндегі жалғыз құнды олжа – испан мыс монетасы.
Дегенмен, энтузиастар үмітін үзбей, қарақшылар қазынасын іздеуді жалғастырып келеді. Тіпті, аралдағы қазына шоу бағдарламалардың негізне айналды. 2014 жылы Америка Құрама Штаттарында "Емен аралының қарғысы" телехикаясының тұсауы кесілді, онда Мичигандағы екі ағайынды аралдан жасырын артефактілерді табу үшін заманауи технологияны пайдаланады. 2020 жылы американдытар арал туралы 8 маусымды фильм түсіре бастады.
© Fine Art Images / Қасиетті сандық
4. Қасиетті сандық (Ковчег Завета)
587 жж Жаңа Вавилон патшалығының патшасы Навуходоносор II қолбасшылық еткен әскер Иерусалимді басып алып, қаланы тонап, еврейлердің басты ғибадатханасы – Сүлеймен храмын қиратты. Аңыздарға сәйкес, бұл ғибадатханада көне жәдігер – Қасиетті сандық бар еді. Бұл туралы алғашқы жазбалар Інжілде айтылған. Сандықта он өсиет жазылған екі тас болған екен.
Қасиетті сандықтың кейінгі тағдыры белгісіз. Кейбір дереккөздерде сандықтың Вавилонға апарылғаны, басқаларында еврейлер оны Иерусалим құлағанға дейін жасырып үлгергені айтылған.
Сандықтың жоғалуы оның болашақ тағдыры туралы көптеген аңыздарды тудырды. Кейбір аңыздарда оны кемемен Эфиопияға апарған, сандық әлі де сол жерде сақтаулы тұр делінеді. Басқаларында, сандықты еврей құдайы құтқарып, жасырған және оны адамдарға Мәсіх келгенде ғана қайта көрсетеді.
© hi-news
5. Жоғалған Атлантида
Жер бетінен жоғалып кеткен Атлантида туралы аңыз көп. Бүгінге дейін ең ежелгі әрі қызықты құпия осы Атлантида шығар. Бұл ел цунамидің немесе жер сілкінісі кезінде су астында қалған деген дерек бар. Грек данагөйі Платон оны Гибралтар бұғазына жақын маңдағы үлкен арал етіп сипаттайды. Зәулім ғимараттары бар дамыған мекенде Посейден құдайының шіркеуі бар делінген.
Оның бар-жоғын білушілер мыңдап табылғанымен, ешқандай да дәлел әлі күнге кездеспеген. Тарихшылардың Оңтүстік Америкада, Грек аралдарында немесе Антарктика тұстарында орналасуы керек деген болжамының күлі көкке ұшты.
Атлантида – ежелгі грек аңызы бойынша Атлант мұхитында болған құрлық немесе арал. Алғашқы деректер біздің заманымыздан бұрынғы ІV ғасырда жазылған Платонның "Тимей" және "Критий" диалогінде Геркулес бағанасының (қазіргі Гибралтар бұғазы) артында, теңіз суының ортасында орналасқан құрлық ретінде айтылады. Құдайлар жерді бөліскенде, Атлантида теңіз құдайы және жер сілкінісін тудыратын құдай Посейдонның иелігіне берілген. Ондағы тұрғын халық – атланттар Посейдонның жұбайы Клериодан туғандар деп есептелген.
Атлантида туралы екі мыңнан астам кітап жазылған. Қазірге дейін жұмбақ болып келген Атлантиданың қай уақытта және қай жерде орналасқаны жайлы жаңа болжамдар жасалып жатыр.
Әр уақытта ғалымдар әр жерде табылған қалдықтарды Атлантида құрлығы екенін дәлелдеуге тырысып келе жатыр.
Мысалы, Америка ғалымдары 1992 жылы Бермуд үштағаны түбіне анализдік сараптама жасаған болатын. Сөйтіп судың орта бөлігінен Хеопс пирамидасынан 3 есе үлкен алып пирамида тапқан. Пирамиданың беткі бөлігі өте сырғанақ, түп түзу қабатты құрайды. Сол себептен су асты өсімдіктер мен жануарлар пирамида бетіне шығып өмір сүре алмайды.
2013 жылы Бразиялия және Жапон геологтары Рио-де-Жанейро жағалауынан 1500 шақырым жерден (Оңтүстік Америка Африка құрлығынан бөлінген кез) Атлантида құрлығын тапқанын мәлімдеді.
Зерттеушілер Рио-Гранди суасты шоқысы орналасқан ауданнан 2,5 шақырым тереңдікте гранит тасын тауып алыпты. Олардың ойынша, граниттің бұл түрі теңіз түбін емес, тек қана құрғақтықты түзе алмақ.
Ғалымдар мен геологтар жер қабатын бұрғылауды қолға алып, сол арқылы Атлантиданың өзін болмаса да, жоғалып кеткен құрлықтан хабар беруі мүмкін үлгілерін алған.
Т. Раушанұлы