Қай жерде екені белгісіз әлемдегі ірі қазыналар

Қай жерде екені белгісіз әлемдегі ірі қазыналар

Бәріміз бала кезде қазына табу туралы қызық фильмдер мен мультфильмдер көруді ұнататынбыз. Атақты Генри Хаггардтың "Сүлеймен патшаның кеніші" кітабын оқымаған бала аз шығар. Әлемге әйгілі қазыналардың кейбірі ғасырлар бойы мыңдаған қазына іздеушілерге таптырмай келеді. Оларды су мен топырақ өз қойнына жасырып құпиясын ашпай жатыр. Мұндай қазынаны іздеушілер өте көп. Массагет порталы Қазіргі заманда табылған ірі қазыналар тізімін ұсынған болатын. Енді ғасырлар бойы табылмай келе жатқан ірі қазыналар тізімін ұсынамыз.

Ежелгі мысқа жазылған қазыналар картасы

1946-1956 жылдар аралығында Израильдің Хирбет-Кумрон аймағында табылған 981 парақ мыс тақтайшалар ежелгі уақытта "Өлі теңіз жазбасы" деп аталатын олжаның бөлігі саналады. Тарихшылар бұл жазба көне қазыналардың картасы екенін айтады. "Өлі теңіз жазбаларының" бір бөлігі жұқа мыс тақтайшаларға жазылған. Бірақ қалғандары пергамент немесе папирус қағаздарында жазылған деп есептелді.

Мыс тақтайшалардағы жазулар көне иврит тілінде, бірнеше жүз жыл бұрын қолданылған және басқа олжалардағы жазулардан мүлде басқаша. Онда әлемнің 60-тан астам аймағында жасырылған алтын мен күміс қазыналар туралы айтылады. Бірақ көрсетілген жерлерден ештеңе табылмаса да, қазына іздеушілер оларды табудан үмітін үзбей келеді.

"Карденио тарихы" – Шекспирдің белгісіз туындысы ма?

Ағылшын жазушысы У.Шекспирдің  "Кардено тарихы" поэмасы туралы аз мәлімет бар. Өйткені бұл жұмысты ол тағы бір ағылшын қаламгері Д.Флетчермен бірлесіп жазған. Тарихта "Кардено тарихын" 1613 жылы Шекспир труппасының әртістері бірнеше рет сахналағаны белгілі. Бірақ пьесаның қолжазбасы бізге жетпесе де, шығарманың баға жетпес екенін білетіндер көп.

Архимедтің өнертабысы қайда?

Леонардо да Винчи Архимедті ежелгі Грецияның ұлы өнертапқышы деп атады. Архимед Күннің, Айдың және Жерден басқа планеталардың қозғалысын бақылай алатын құрылғы ойлап тапқан екен. Бірақ оның "Антикалық механизмі" ғалымдар арасында өте танымал болғанымен, қалай жасалғаны ешкімге белгісіз. Архимед өнертабыстарының сызбалары бізге жеткен жоқ. Бірақ табылады деп іздеп жатқандар бар.

Орманға жасырылған Лима қазынасы?

Коста-Рика жағалауындағы Кокос аралында жалпы құны 300 миллион долларлық қазына жасырылған. Жергілікті католик шіркеуінің мәліметі бойынша, қазынада Оңтүстік Америкадан келген 113 діни мүсін, құдай-ана "Ева Мария" мүсіні, 200 қорап бағалы зергерлік бұйымдар, гауһар тастармен безендірілген 273 қылыш, 1000 гауһар, алтын тәж, 150 алтын мен күміс монета және бұдан бөлек қазан мен табақ сынды алтынннан жасалған бұйымдар бар.

Аңыз бойынша, бұл қазына британдық көпес Уильям Томпсонға сақтау үшін берілген. Шіркеу прәдарлары саудагерден қазынаны испандық колониялардағы көтеріліс басылғанша бірнеше ай бойы өз кемесінде сақтауын өтінді. Томпсон мен оның командасы байлықты өздерінде сақтап қалу үшін күзетшілерді өлтіріп, жасырын түрде Кокос аралында алып кеткен. Бірақ қайтып келе жатқан Томпсон кемесін испан әскерилері тоқтатып, капитан мен оның көмекшісінен басқа барлық теңізшілерді өлтірген. Ағылшын көпесі аман қалу үшін қазына көмілген жерді көрсетуге уәде берген екен. Бірақ жолда ол орманға қашып кеткен. Содан бері Томпсонды да, ол жасырған қазынаны да ешкім көрмеген.

Археоптерикс жануар ма әлде құс па?

Археоптерикс – динозавр мен құсқа ұқсайтын жануар. Әзірге оның 11 сүйегі ғана табылған. Бұл құнды олжа ретінде бағаланады.

1956 жылы Германиядағы Е.Опиц есімді кәсіпкерге тиесілі шахталардың бірінде жұмыс істейтін тас кесушілер тапқан сүйектерге "Максберг" деген ат берілген. Бұл антиквариат Археоптерикске тиесілі үшінші сүйек болды. Е.Опиц оларды зерттеу үшін мұражайға тапсырды. Оның құнды екенін білген соң, ол сүйекті сатып қомақты ақша табуға шешім қабылдады. Кейіннен табыс салығы жоғары екенін білген соң, бұл ойынан қайтып, оны үйінде сақтаған. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін баға жетпес "Максберг" сүйегі жоғалып кетті. Содан бері әлі ешкім таба алған жоқ.

"Қайғы түні" қазынасы

1520 жылы 30 маусымда Эрнан Кортес пен оның әскерін Ацтек астанасы Теночтитлан маңында ашулы үндістер қоршауға алды. Өйткені испандар олардың көсемдерін өлтірген еді. Түн ортасында Кортес және оның сарбаздары ацтектердің қазынасын ұрлап, қаладан қашуға тырысқан. Бірақ оларды ацтек сарбаздары байқап қалған. Аяусыз шайқас нәтижесінде испан әскерінің жартысы қаза тапқан. Тарихта "Қайғы түні" атанған түнде Кортес  жауынгерінен ғана емес, осы уақытқа дейін жинаған байлығының жартысынан да айырылған.

Бұл қазынаны ацтектер айналадағы төбелердің біріне көмген деседі. Бірақ Солтүстік және Оңтүстік Америкадан жиналған қазынаның жартысы әлі табылған жоқ. Оны іздеп жүргендер өте көп.

Дюшанның "Субұрқағы"  стереотиптерге қарсы

Француз текті америкалық Марсель Дюшан ХХ ғасырдағы ең дарынды суретшілердің бірі. Әсіресе, оның 1917 жылы жұмысы – "Субұрқақ" шығармасы әйгілі. Р.Мэт лақап атымен танымал сурбұрқақтың бүйірінен су шашып тұрғаны бейнеленген. Ол осы арқылы қоқыстағы заттармен керемет өнер туындыларын жасауға болатынын дәлелдеді. Кейіннен Дюшан "readymades" аталатын саланың негізін қалады. Осы арқылы ол өнердегі стереотиптерге қарсы шықты. Бір қызығы, суретшінің көптеген туындылары сақталғанымен, дәл осы сан мыңдаған өнер сүйер қауымның сүйіктісі саналатын  "Субұрқақ" жоғалып кеткен.

Су астындағы "Бейжің адамы"

Адамзат тарихындағы ең сирек қазбалардың бірі – 1920 жылы Қытайда табылған адамның бас сүйегі. Ғалымдардың айтуынша, синантроп немесе "Бейжің адамы" деп аталатын бұл сүйектің 500 мың жылдық тарихы бар. Зерттеу барысында оны  көне гиена (қасқыр) өлтіргені анықталды. Бейжіңге зерттеуге жіберілген сүйек Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен. Нақтырақ айтсақ, 1941 жылы қыркүйекте қытайлық зерттеуші ғалым Ху Ченчжи АҚШ-қа алып бара жатқан кеме мұхитқа батып кеткен.

Да Винчидің бітпей қалған картинасы қайда?

"Ангиари шайқасында" 1440 жылы Ангиари маңындағы шайқасқа қатысқан төрт салт атты бейнеленген. 1505 жылы Леонардо да Винчи салған бұл үлкен сурет Флоренциядағы Синьория сарайындағы "Бес жүз зал" атты. бөлмені безендіру керек еді. Бірақ қандай да бір себептермен да Винчи шығарманы аяқтамаған. Рим шенеуніктері тағы бір суретші Дж.Вазариге залда "Марчиано шайқасы" атты фреска (түрлі-түсті шынымен сурет салу) жасауды тапсырды.

Міне, осылай ұлы суретшінің жартылай біткен туындысы жоғалып кеткен. Ғасырлар бойы оның қайда екенін ешкім білмейді. Бірақ ғалымдардың пайымдауынша, Винчидің аяқталмаған жұмысы Вазаридің "Марчано шайқасы" атты туындысының астында қалған.

Т. Раушанұлы