- Негізгі бет
- Әлемтану
- Мұздықтар тез еріп...
Мұздықтар тез еріп жатыр: әлемді қандай апаттар күтіп тұр
Мұздықтар Күн сәулесін жерге қайтарып, планетаны салқындатады. Мұз еріп, су мұхиттарға құйса, теңіз деңгейі күрт көтеріледі. Сонымен қатар, Жер өз осінің айналасында баяу айнала бастайды және бұл күн ұзарады дегенді білдіреді.
"Әлемнің болашағы Антарктида мен Гренландия мұздықтарының астында жазылуда" дейді зерттеушілер. Жаһандық жылыну "жердегі салқындатқыштар" деп аталатын мұздықтардың күрт қысқаруын тудырады. Өз кезегінде, мұздың еруі жылы ауа ағынын арттырады, бұл мұздықтарды одан да тезірек ерітеді.
Антарктидадағы мұздықтар / Фото: Вон-Санг-Ли корей полярлық зерттеу институты
Мұздықтар Жер үшін неліктен маңызды?
Мұз Күннің жылуын ғарышқа қайтарып, Жерді салқындатады. Қараңғы мұхит, керісінше, жылуды сіңіруге бейім. Мұз еріген кезде Күн сәулесін қайтаратын табиғи құрал қалмайды және жаһандық жылыну үдей түседі. Мұз ерісе, ғаламдық су деңгейі де көтеріледі.
Су бетін теңіз мұздары мен мұздықтары құрайды. Теңіз мұзы суда, судың қатуынан, ал мұздықтар құрлықта, мыңдаған жылдар бойы жауған қардың жиналып, агломерациялануынан пайда болады. Арктика – теңіз мұзы, Антарктида мен Гренландия – мұздықтар.
Антарктикалық мұздықтың еруі / Фото: Reuters
Шыны ыдыс ішіндегі мұздың еруі су деңгейін өзгертпеуі сияқты теңіз мұзының еруі жалпы су сыйымдылығын өзгертпейді. Бірақ егер олар көбірек еріп, жылы ауа көтерілсе, бұл судың кеңеюіне және теңіз деңгейінің көтерілуіне әсер етеді.
Ал, мұздықтардың еруі су деңгейіне қатты әсер етеді. Өйткені олардың суы еріп, мұхитқа құяды. Құрлық бетінің шамамен 10 пайызын мұздықтар алып жатыр. Олардың 90%-ы Антарктидада, қалған 10%-ы Гренландияда.
Мұздықтардың тез еруі
2011-2020 жылдар аралығында Гренландияда 3-5 триллион тонна мұз еріді. Бұл 1 жылда орта есеппен 357 миллиард тонна мұз ерігенін білдіреді. Аймақта барлығы 1,7 миллион шақырым жерді мұз басып жатыр, егер олардың барлығы еріп кетсе, дүниежүзілік теңіз деңгейі 6 метрге көтерілуі мүмкін. Мұздың еруі кейінгі 40 жылда 21 пайызға жылдамдады.
Сондай-ақ, зерттеулер осы екі полюсте мұздың еруі 1990 жылдармен салыстырғанда 6 есе жылдамырақ екенін көрсетті.
2100 жылға қарай Гренландия мұздықтарының еруі / Фото: NASA
Егер мұздың еруін бәсеңдетпесе, 2100 жылға қарай теңіз деңгейі 71 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл жағалаудағы мемлекеттер жойылып кетуі мүмкін дегенді білдіреді. Өйткені адамзаттың 1/3 бөлігі жағалау сызығынан 100 шақырым жерде тұрады. Мысалы, Тынық мұхитындағы Тувалу және Маршалл аралдары солардың алғашқысы болуы мүмкін.
Жаһандық жылыну салдарынан Гавай аралдарының бірі су астына кетті
Мұздың еруінің тәулік ұзақтығына әсері
Жердің айналу осінің жер бетімен байланысқан екі нүктесі "Жер полюстері" деп аталады. Жердің полюстері екі – Солтүстік және Оңтүстік полюстер болып бөлінеді. Оңтүстік полюсте Антарктида, Солтүстік полюстегі Гренландия мұз массалары бар. Жердің айналу осінің айналасындағы массалар үлкен болса, Жер тезірек айналады. Егер бұл массалар азайса, Жер баяу айналады. Маңыздысы, егер бұл мұздықтар немесе теңіз мұздары еріп, орнында қалса, Жердің айналуына әсер етпейді. Бірақ олар еріп, мұхиттарға құя бастағанда, Жердің айналу осінің айналасындағы массалар азаяды және Жер баяу айналады. Ол – күн ұзаратынын білдіреді. Мысалы, Гренландиядағы барлық мұздықтар еріп, мұхитқа құйса, дүниежүзілік теңіз деңгейі 7 метрге көтеріліп, 1 тәулік қазіргіден 2 миллисекундқа ұзақ болуы мүмкін.
Жердің өз осінің айналасында айналуы / Фото: NASA
Жаһандық жылынудың салдарынан арктикалық теңіз мұзы әр онжылдықта шамамен 13 пайызға еріп отырады. Кейінгі 30 жылда Арктикадағы ең көне және ең қалың мұздың 95 пайызы еріп кеткен. Егер жылыну тоқтамаса, Арктика 2040 жылдың жазын мұзсыз қарсы алады.
Мұздықтар астынан ери бастады
Жаңа зерттеулерге сәйкес, мұздықтар жаңа еру кезеңіне өтті. Осы уақытқа дейін ғалымдар мұздың қалай ерігенін спутниктен көріп, мұздың қашан және қанша еритіндігі туралы ақпарат жинап жатқан болатын. Қазір мұз астынан ери бастады. Бұл "негізгі еру" деп аталады.
2018 жылғы зерттеуге сәйкес, Антарктидада әрбір 40 сағат сайын миллиардтаған тонна мұз жоғалады.
Гренландия мұздықтарының еруі / Фото: ESA
"Бұл шығындардың көпшілігін қадағалау қиын. Өйткені біз жерсеріктерден мұздың белгілі бір аймақтарда айтарлықтай жұқарғанын көреміз. Бірақ қазір еру мұз бетінен емес, астынан жоғарыға қарай жүріп жатыр", - дейді Роберт Лартер, Британдық Антарктика зерттеуінің геофизигі.
Әдетте мұз беті өте тегіс болады. Геофизикалық зерттеу хаттарына сәйкес, мұз астынан ери бастағанда, олардың беті кедір-бұдыр болады. Яғни, мұз бетінің тегістігін тексеру арқылы мұз қабатының еру температурасын анықтауға болады.
Ұлттық мұхит және атмосфералық басқарманың (NOAA) мәліметінше, алдағы 30 жылда теңіз деңгейі АҚШ жағалауында 25-30 сантиметрге көтерілуі мүмкін.
Арктикалық теңіз мұзы / Фото: NASA
NOAA Ұлттық мұхит қызметінің директоры Николь ЛеБёф 2050 жылға қарай су тасқыны қазіргіден 10 есе көп болатынын айтады. Бұл кей жерлерде 2-5 жылда болатын табиғат құбылысы жылына бірнеше рет қайталанады деген сөз.
Жерді қандай апаттар күтіп тұр?
• Әлемдік теңіз деңгейі 1900 жылдан бері 17-18 сантиметрге көтерілді және әлі де көтерілуде. Бұл жағалаудағы штаттар мен шағын аралдық штаттардағы су тасқыны мен дауыл сияқты төтенше табиғи құбылыстарды ушықтыруы мүмкін.
• Сондай-ақ, полярлық өзгерістер жылы ағындарды арттырады, нәтижесінде болжанбайтын ауа-райы пайда болады. Бұл дүниежүзілік азық-түлік жүйесіне көп зиянын тигізеді. Азық-түлік бағасы өсіп, әлемдегі ең әлсіз мемлекеттерде ашаршылық қаупін төндіреді.
• Мұз еріген сайын Арктикаға жаңа су жолдары ашылады. Жаңа маршруттар уақытты үнемдеуі мүмкін, бірақ саяхат өте қауіпті боладын. Кеменің апатқа ұшырауы немесе мұнайдың төгілуі экипаждың қалпына келуін мүмкін етпеуі мүмкін.
• Теңіз мұзында өмір сүретін жануарлар мұздың еруіне бейімделеді немесе өледі. Ақ аюлар, морждар, арктикалық түлкілер, қар үкілері, бұғылар және басқа да түрлер үшін қайғылы жағдай болуы мүмкін.
Еріген мұзда қалған ақ аю / Фото: Getty Images
• Арктикалық және құрлықтағы мұздықтар метан мен парниктік газдардың көп мөлшерін сақтайды. Мұз еріген сайын бұл газдар да ыдырап, жаһандық жылыну одан да үдей түседі. Ал аптап мұздың өзі одан да жылдам ери бастады, біз одан да табиғи емес климаттық өзгерістердің куәсі болып отырмыз.
Жаһандық жылыну қауіпті вирустар туғыза ма?
Ғаламдық жылыну салдарынан мәңгілік мұздықтардың еруі тұщы судың азаюы сияқты түрлі апаттар туып жатқаны белгілі. Ғалымдар мұздардың еруі адам денсаулығына зиян келтіретін ауруларды да таратады деген болжамға келген.
Мысалы адамзат бұрын ешқашан ауырып көрмеген вирустардың таралуы. Тибет тауларындағы мұздарды зерттеген АҚШ пен Қытай ғалымдары осылай деп мәлімдеп, дабыл қағып жатыр.
Жақында БҰҰ-ның кеңесшісі, климат маманы, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг жаһандық жылыну мен мәңгі мұздың еруі адамзат күтпеген салдары бар вирустарды "оятуы" мүмкін екенін айтты.
Оның айтуынша, Сібір тайгасы мен тундрасында мұздықтардың еруі аймақта ежелгі аурулар мен вирустардың қайта жандануына әкелуі мүмкін.
"100 мыңдаған жыл бұрын пайда болып, қазір "ұйықтап" жатқан бір вирустың қай уақытта "оянатынын" дәл болжау қиын. Біз бұрын ешқашан кездестірмеген вирустар бар", - деді Рае Квон Чунг.
Рае Квон Чунг мұны бірінші рет айтып отырған жоқ. Осыған дейін де мұздықтардың еруі вирус тудыратыны айтылған болатын. Мысалы 2015 жылы Тибетте ғалымдар шамамен 15 мың жыл бұрын пайда болған мұздықтардан сынама алған. 50 метр тереңдіктен алынған үлгілер мұқият тексеріліп, 5 жылдан кейін – былтыр зерттеу нәтижелерін жариялады.
Анықталғандай, ежелгі мұз үлгілерінде вирустардың 33 тобы болған, олардың ішінде микробиологтар 28 жаңа вирус тобын ашқан. Яғни Тибет тауларындағы мұз қабаттарында планетада бұрын кездеспеген вирустар бар және адамзат олармен бұрын ешқашан ауырмаған.
Бұл жаңалық Жер бетіндегі басқа мұздықтарда да бұрын белгісіз болған вирустар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
“Бүгінгі таңда планетаның барлық құрлығындағы, соның ішінде Гренландия мен Антарктидадағы мұздықтардың азаюы вирустың таралуына әкеліп соғуы мүмкін” дейді зерттеушілер.
Жаңа вирустар мен микробтардың пайда болуы, әрине, микробиологтардың ғаламшардағы тіршілік туралы білімін толықтырады, бірақ бұл адамзат үшін қауіпті.
Т. Раушанұлы