Жаһандық жылыну қауіпті вирустар туғыза ма?

Жаһандық жылыну қауіпті вирустар туғыза ма?

Ғаламдық жылыну салдарынан мәңгілік мұздықтардың еруі тұщы судың азаюы сияқты түрлі апаттар туып жатқаны белгілі. Ғалымдар мұздардың еруі адам денсаулығына зиян келтіретін ауруларды да таратады деген болжамға келген. 

Мысалы адамзат бұрын ешқашан ауырып көрмеген вирустардың таралуы. Тибет тауларындағы мұздарды зерттеген АҚШ пен Қытай ғалымдары осылай деп мәлімдеп, дабыл қағып жатыр. 

Жақында БҰҰ-ның кеңесшісі, климат маманы, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг жаһандық жылыну мен мәңгі мұздың еруі адамзат күтпеген салдары бар вирустарды "оятуы" мүмкін екенін айтты.

Оның айтуынша, Сібір тайгасы мен тундрасында мұздықтардың еруі аймақта ежелгі аурулар мен вирустардың қайта жандануына әкелуі мүмкін.

"100 мыңдаған жыл бұрын пайда болып, қазір "ұйықтап" жатқан бір вирустың қай уақытта "оянатынын" дәл болжау қиын. Біз бұрын ешқашан кездестірмеген вирустар бар", - деді Рае Квон Чунг.

Рае Квон Чунг мұны бірінші рет айтып отырған жоқ. Осыған дейін де мұздықтардың еруі вирус тудыратыны айтылған болатын. Мысалы 2015 жылы Тибетте ғалымдар шамамен 15 мың жыл бұрын пайда болған мұздықтардан сынама алған. 50 метр тереңдіктен алынған үлгілер мұқият тексеріліп, 5 жылдан кейін – былтыр зерттеу нәтижелерін жариялады.

Анықталғандай, ежелгі мұз үлгілерінде вирустардың 33 тобы болған, олардың ішінде микробиологтар 28 жаңа вирус тобын ашқан. Яғни Тибет тауларындағы мұз қабаттарында планетада бұрын кездеспеген вирустар бар және адамзат олармен бұрын ешқашан ауырмаған.

Бұл жаңалық Жер бетіндегі басқа мұздықтарда да бұрын белгісіз болған вирустар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. 

“Бүгінгі таңда планетаның барлық құрлығындағы, соның ішінде Гренландия мен Антарктидадағы мұздықтардың азаюы вирустың таралуына әкеліп соғуы мүмкін” дейді зерттеушілер.

Жаңа вирустар мен микробтардың пайда болуы, әрине, микробиологтардың ғаламшардағы тіршілік туралы білімін толықтырады, бірақ бұл адамзат үшін қауіпті. 

Т. Раушанұлы