1200 жыл бұрын салынған жасанды арал табылды

Бахрейн – Парсы шығанағындағы 80-нен астам аралдан тұратын ірі мемлекет. Аралдардың ішінде жасанды түрде салынған аралдар да бар екен.  Сондай аралдардың бірі – Аль-Сайя, оның ортасында тұщы су көзі бар. 2022 жылдың қаңтар айының басында профессор Роберт Картер және оның әріптестері осы шағын жер учаскесінде археологиялық қазба жұмыстарын бастады. Осы уақытқа дейін арал табиғи  деп есептелді, бірақ қазба жұмыстарының нәтижесі оны ерте ислам дәуірінің өкілдері жасанды түрде салғанын көрсетті. Шамамен 1200 жыл бұрын Аль-Сайя аралы халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін станция рөлін атқарған. Бұл туралы hi-news жазды.

© Bahrain Authority for Culture and Antiquities


Аль-сайя ең ежелгі жасанды аралдардың бірі

Аль-Сайя аралы Бахрейндегі ірі қалалардың бірі – Мухаррак қаласының жағалауында орналасқан. Қаңтар айында басталған археологиялық жұмыстардың нәтижесінде мың жылдан астам уақыт бұрын бұл жер тұщы судың жасанды көзі рөлін атқарғанының дәлелі анықталды.

© Bahrain Authority for Culture and Antiquities

Ежелгі дәуірде жасанды аралдар қалай салынды?

Жасанды арал салу үшін алдымен жергілікті тұрғындар су қоймасын салып, оны теңіз суымен толтырды. Кейіннен су қоймасының айналасында ені 20 метр шеңбер салып, адамдар жерді ақырын кеңейтіп отырды. Осылай қажырлы еңбектің нәтижесінде аралдың ені 40 метрге дейін өседі. 

Зерттеушілердің пікірінше, аралда көптеген інжу өндірілген. Тұщы судың көзін інжу-маржан іздеп тереңдікке сүңгіген адамдар бір сәт демалу үшін пайдаланылуы мүмкін. 

Жасанды арал адамдарға інжу-маржан алуға көмектесті

Қазіргі уақытта Аль-Сайя аралы бұрынғыдай үлкен емес. Оның бір бөлігі уақыт өте су астында қалған. Осы уақытқа дейін Бахрейн мемлекеті 51 табиғи және 33 жасанды аралдардан тұрады деп есептелді. Бірақ енді табиғи деп танылған Аль-Сайя аралы жасанды болып шыққаннан кейін қалған аралдарға да күмән туады.

Аль-Сайя аралы. © Bahrain Authority for Culture and Antiquities

Аль-Сайяның арқасында ғалымдар енді ежелгі дәуірде жасанды аралдар қалай жасалғаны туралы аздап түсінікке ие болды. Тек қазір құрылысшылардың топырақ пен құмды қалай тасымалдағаны толық анықталмаған. 

Ең алғашқы жасанды аралдар – бұл кранногтар

Ең көне жасанды аралдар

Айта кетейік, Аль-Сая аралы Жер бетіндегі ең көне жасанды арал емес. Алғашқы жасанды аралдар шамамен XVII-XVIII ғасырларда Шотландия мен Ирландияда пайда болды. Олар кранногтар деп аталды және қарақшылардан қорғау үшін пайдаланылды. Бұл жерде орналасқан үйлерге тек көпір арқылы жетуге болатын еді. Біздің дәуірімізге дейінгі 3650-2500 жылдар аралығында салынған Илен Доннелл ұзақ уақыт бойы әлемдегі ең көне кранног болып саналды. Дегенмен, 2019 жылы Лох Воргастал және Лох Лангават шығанақтарында орналасқан ең көне жасанды арал табылды.


Қазіргі жасанды аралдар

Жасанды аралдар әлі де жасалуда. Біріккен Араб Әмірліктерінде бұл бизнес өте жақсы дамыған. Жасанды аралды жасау процесі бүгінде әлдеқайда аз уақыт пен күш жұмсайды, өйткені жағалау аймақтары мен таяз жерлерден құмды алу үшін қуатты құрылғысы бар арнайы кемелер қолданылады. Кейде жасанды аралдар жасау үшін басқа материалдар пайдаланылады - мысалы, Үнді мұхитында адамдар көп ұзамай пластикалық қоқыстан арал салғысы келеді.