- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Зілзала кезінде жер...
"Зілзала кезінде жер үй қауіптірек". Құрылыс инженері Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің сапасы туралы айтты
Алматыда 23 қаңтарда сағат 00:09:02-де 5 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Сейсмологтар мәліметінше, зілзаланың энергетикалық класы - 15.1. MPV магнитудасы - 6.7. Осы тұста Massaget.kz тілшісі 32 жылдық тәжірибесі бар құрылыс инженері Нұрлан Имантаевпен Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің сапасы жайлы сұхбаттасты.
Сарапшының айтуынша, негізі сейсмикалық жүктеме 7 баллдан бастап есептеледі, ал Алматыдағы ғимараттар 9 баллдық жер сілкінісіне дейін шыдай алады екен. Сондай-ақ, ол жер сілкінісі кезінде адамдардың зардап шегуінің басты себебінің бірі дүрбелең екенін жеткізді.
"Жер сілкінісі кезінде адамдардың зардап шегуінің себебі зілзала емес, төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы сағаттарындағы дүрбелең. Біріншіден, жер сілкінген кезде терезе сынатын болса, құрылыс сынықтары ғимарат биіктігінің 1/3 бөлігіне шашырайды. Адамдар мұндай кезде қашып үлгермейді, ал құтқарушылар мен олардың техниктері ғимаратқа тіпті жете алмайды. Адамдар жер сілікінісі кезіндегі қарапайым ережелері сақтамайды, тіпті жол бойына шығып тұрады", - дейді ол.
Құрылыс инженері қандай тұрғын үй кешендерінің жер сілкінісіне төзімді екенін айтты.
"Жер сілкінісіне ең төзімді ғимараттар құрылыс өндірісінің технологиясын сақтап салынғандар. Мысалы бұл тізімге кіретін құрылыстағы темірбетон бұйымдарына күтім қажет, яғни бетонды салып қана қоймай, оны дұрыстап кептіріп, беріктік үшін бумен булау керек. Бұл құрылыс орындарына қарағанда, зауытта жақсы дайындалады", - дейді құрылыс инженері.
Сонымен қатар, Нұрлан Имантаев тұрғын үй ішіндегі баспалдақ қабырғаларында терезе болмауы керек деген түсінікке қатысты пікір білдірді.
"Алматыдағы ғимараттардың көпшілігіндегі баспалдақ қабырғаларында терезе бар. Егер терезе темірбетон қабырғада болса, онда арматура тігінен және көлденеңінен жиек бойымен күшейтіледі. Ал егер кірпіште болса, терезе түсіп кетсе де, бұл қорқынышты емес, себебі оның металл арматурасы бар", - деп түсіндірді сарапшы.
Маман ғимараттағы баспалдақтар қандай кезде қауіп төндіруі мүмкін екенін де түсіндірді.
"Қауіп барлық адам бір уақытта баспалдақпен жүрген кезде пайда болады. Дүрбелеңмен адамдар бір-бірін итеріп, қысылып қалуы мүмкін, ал қысылса, зардап шеккен адам саны көбейіп, салдары тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін", - дейді ол.
Нұрлан Имантаев жекелеген адамдардың салған үйі, тұрғын үй кешендеріне қарағанда қауіптірек екеніне сенімді, өйткені тәжірибесіндегі 90 пайыз жер үй нормаға сай салынбаған көрінеді.
"Менің ойымша, тұрғын үй кешендері - жоба бойынша салынатын, сараптамадан өтетін, құрылым бойынша есептеу жүргізілетін сенімді әрі қауіпсіз ғимарат. Ал жекелеген адамдардың салатын жер үйі - үлкен мәселе деуге келеді. 40 жылдан бері тәжірибемде кездескен жер үйдің 90 пайыздан астамы қолданыстағы нормаға сай салынбаған. Назарды көппәтерлі тұрғын үй кешендерінен гөрі, жер үйлерге аудару керек. Өйткені адамдар құрылысты ереже мен нормаға сай емес, мүмкіндігі жететін жағдайда жүргізеді, сондықтан жер үй қауіптірек", - деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, бұған дейін қанша балдық жер сілкінісі Алматыны қиратуы мүмкін екені хабарланған болатын.
"Бұл мәселеге қатысты сейсмологтар әзірлеген халықаралық шкала бар, MSC-64 шкаласы. Осы шкала бойынша ғимараттар мен құрылыстар 7 балдан бастап қирайды. Сондықтан жердің жағдайын ескергенде, Алматы үшін 7 балдан жоғары жер сілкінісі қауіпті деп санауға болады", - деді ТЖМ Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулер Ұлттық ғылыми орталығының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков
Тағы да оқи отырыңыздар: Қай елдерде жер сілкінісі мүлдем болмайды?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә