Иммунитетті жақсартады. Ғалымдар әлеуметтік желіні пайдалануды азайтудың пайдасын айтты

Иммунитетті жақсартады. Ғалымдар әлеуметтік желіні пайдалануды азайтудың пайдасын айтты
Фото: blog.timepad

Әлеуметтік желіні пайдалануды күніне 15 минутқа азайту иммунитетті жақсартады. Сонымен қатар, адамдарда жалғыздық пен депрессиялық сезімдер деңгейі төмендейді.

Англияның Суонси университетінің зерттеушілері әлеуметтік желіні пайдалануды күніне 15 минутқа қысқарту жалпы денсаулық пен иммунитетті айтарлықтай жақсарта алатынын анықтады. Сонымен қатар, адамдарда жалғыздық пен депрессиялық сезімдер деңгейі төмендеді. Зерттеу нәтижелері Journal of Technology in Behavior Science журналында жарияланды.

Зерттеу барысында авторлар үш ай бойы 20-25 жас аралығындағы 50 қатысушыны (33 әйел және 17 ер адам) бақылаған. Ай сайын олардың физикалық және психикалық денсаулығы, сондай-ақ әлеуметтік желілерді қарауға қанша уақыт жұмсайтыны талданды, содан кейін олардан әдеттегі уақытын күніне 15 минутқа қысқартуды сұрады. Алынған мәліметтер әлеуметтік желілерді қалыпты пайдаланатын немесе әдейі басқа нәрсемен айналысатын бақылау тобының деректерімен салыстырылды.

Нәтижелер әлеуметтік желіні пайдалануды азайтқан топтың иммунитетін орта есеппен 15 пайызға жақсартқанын көрсетті. Атап айтқанда, оларда суық тию мен тұмау аз болған, ұйқы сапасы 50 пайызға жақсарып, күйзеліс белгілері 30 пайызға азайған.

Әлеуметтік медианы пайдалану мен денсаулық факторлары арасындағы байланысты одан әрі талдау үшін болашақ зерттеулер жоспарланған. Атап айтқанда, бұл депрессия немесе физикалық белсенділік сияқты көрсеткіштермен байланысты екенін анықтауды қамтиды.

Т. Раушанұлы