Бөлмелерге бөлінбеген, жартылай дайын үй алу тиімді ме?

Бөлмелерге бөлінбеген, жартылай дайын үй алу тиімді ме?
Фото: ru.freepik.com

Әдетте, жөндеу жұмысы жасалмаған және ішкі қабырғалары жоқ, яғни бөлмелерге бөлінбеген үйді еркін жайғасымдағы пәтер деп айтып жатады. Негізі заңда "еркін жайғасым" деген түсінік жоқ. Оны үй салушылар мен үй сатушылардың шығарған маркетингтің әдісі деуге болады. Бөлмелерге бөлінбеген бос кеңістік әлі күнге дейін сұрақ тудырады. Бұл ыңғайлы ма? Ол қымбатқа шықпай ма? Ендеше, еркін жайғасымдағы үйдің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталайық.

Еркін жайғасымның артықшылықтары

Шектеудің жоқтығы

Үй иелері үйінде неше бөлме болатынын өздері шешеді. Ол 2 үлкен бөлмесі бар немесе шағын-шағын 4 бөлмесі бар үй болуы мүмкін. Қабырғалардың болмауы қиялға ерік беруге мүмкіндік береді.  

Лас жұмыстың аз болуы

Егер үлкен бөлмелер жасағыңыз келсе немесе асүйді қонақ бөлмемен біріктіргіңіз келсе, демонтаж жасаудың және құрылыс қоқысын шығарудың қажеті жоқ.

Түрлі дизайнерлік әдістерді қолдану мүмкіндігі

Еркін жайғасымдағы пәтерде конструкциялармен және материалдармен тәжірибе жасауға болады. Мысалы, бөлмелерді бөлу үшін кірпіш қабырға қою міндетті емес, әйнек немесе металл арақабырға жасауға болады.

Еркін жайғасымның кемшіліктері

Шектеулі еркіндік

Қабырғалардың болмауына қарамастан, мұндай жайғасымның өз заңдары бар. Салушы құбырғыларды қатаң түрде нақты жерлерге салуға міндетті, себебі коммуникация орталықтандырылған. Сондықтан асүй мен санитарлық торап алдын ала белгіленіп қойылған. Сіз оны пәтердің басқа бөлігіне жоспарлай алмайсыз.

Бір шаршы метрге бағаның қымбаттау болуы

Еркін жайғасымды пәтерлер тек бастапқы әрлеуде беріледі. Ол жерде пәтер бойынша электр сымдары жүргізілмейді, ол кіреберіске ғана кіргізіліп отырады. Егер қабырға қоюды жоспарласаңыз, ол қосымша қаражат қажет етеді. Қабырға көп болған сайын шығын да көп болады. Дизайнерлік әдістер де қалтаға күш түсіреді. Айтпақшы, егер үй жайғасымын жоспарлауда дизайнер көмегіне жүгінетін болсаңыз, ол да бір шаршы метрдің қымбат түсуіне ықпал етеді.

Жайғасымды заңдастыру қажеттілігі

Пәтердегі кез келген өзгерістер заңдастыруды қажет етеді. Егер құжат бойынша ол сізде қабырғасыз тұрса, онда жөндеуден кейін оны тіркеу керек. Заңдастыру кезінде қиындықтар туындамас үшін тіркеуді және рұқсатты қажет ететін нәрселер жайлы алдын ала біліп алған жөн.

А. Жапатова