"2 миллион теңгеге жуық". Маман 2023 жылы декреттік төлем қалай төленетінін есептеп берді

"2 миллион теңгеге жуық". Маман 2023 жылы декреттік төлем қалай төленетінін есептеп берді
Фото: ru.freepik.com

Бала дүниеге келген соң соған сай қажеттіліктері көп болатыны түсінікті. Осы орайда маңызды мәселенің бірі - декретке байланысты төлем алу. 2023 жылы декреттік төлемдер қалай өзгереді және максималды декреттік төлем мөлшері қандай?

Декретке шықпас бұрын әрбір әйел адам білуі қажет ақпараттар бар. Алдымен egov.kz сайтындағы мәліметтерге сүйеніп, осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.

Еңбек демалысының қандай түрлері бар?

Еңбек Кодексінің 99 бабы бойынша, жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге еңбек демалыстары беріледі. Оған жүктілікке, босануға байланысты демалыс, жаңа туған баланы асырап алғандарға арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс түрлері жатады.

Босанған әйелдерге қандай жәрдемақы беріледі?

Босанған әйелдерге берілетін жәрдемақының түрлері бар. Оған мына жәрдемақы түрлері жатады:

- Жұмыс істейтін босанған әйелдерге жүктілігі және босанғанына байланысты табысынан айырылған соң әлеуметтік төлем беріледі. Сонымен қатар, бір жасқа толғанға дейін жасалатын бала күтіміне байланысты әлеуметік жәрдемақы төленеді.

- Жұмыс істемейтін әйелдерге бір жасқа толғанға дейін жасалатын бала күтіміне байланысты әлеуметік жәрдемақы төленеді.

Төлем қанша рет жасалады?

Жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйел табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем бір рет, ал бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем ай сайын төленеді. 

Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері қандай?

Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы:

·         бір, екі және үшінші балаға – 38 АЕК – 131 мың теңге;

·         төрт және одан көп балаға – 63 АЕК – 217 350 теңге. 

Әйел адам егіз немесе үшем босанса, жәрдемақы әр сәбиге бөлек төленеді. 

Бала күтіміне берілетін жәрдемақылар

2022 жылдан бастап бала күтіміне берілетін жәрдемақы бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылады. 

Бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері:

·         бірінші балаға  – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;

·         екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;

·         үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;

·         төртінші және одан көп балаға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңге.

Төлем қалай есептеледі?

Бұл үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Маман санамалап берген шарттар:

Бірінші - босануға дейінгі жәрдемақыны есептеу формуласы. Кейінгі 12 айдағы табыс бойынша есептеледі: 12 × 4,2 - 10 пайыз (зейнетақы).
Екінші - ай сайынғы бала күтіміне байланысты жəрдемақыны есептеу формуласы. Кейінгі 24 айдағы жалпы табыс бойынша есептеледі: 24 × 0,4 - 10 пайыз (зейнетақы).   

Әлеуметтік төлемді қалай көбейтуге болады?

Егер сіз жұмыс істемейтін болсаңыз, жеке кәсіп ашу арқылы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы ғана әлеуметтік төлем жасай аласыз. Себебі жеке тұлғалар өз атынан әлеуметтік төлемдер жасай алмайды. Оны тек сіз үшін жұмыс беруші жасай алады. Сондықтан егер сіз үйден торт, самса пісіріп сатып отсаңыз немесе инстаграмда СММ, таргетолог болып жасап жүрсеңіз, кәсібіңізді заңдастырып алу арқылы әлеуметтік төлемдер жасай аласыз.

Басқа адамның жеке кәсібінде жұмысшы ретінде тіркеліп те, жіберіп отыруға болады. Бірақ ескертетін бір жайт жалдамалы жұмысшы ретінде шығын көбірек болады.

Егер сіз белгілі бір жерде жұмыс істеп, айлығыңыз белгілі бір межеге жетпесе, жеке кәсіпті тіркеу арқылы қалған жетіспей тұрған соманы толықтыруыңызға болады.

Бірнеше жерден декреттік төлем алу заңды ма?

Бұл сұрақты заңгер Айгүл Болтаеваға қойдық. 

"Бірнеше жерден декреттік төлем алу заңды. Бастысы, әр жұмыс жасаған жеріңізде жұмыс беруші әлеуметтік төлемдерді уақытылы және дұрыс төлеп тұрса болғаны. Сондай-ақ негізгі жұмыстан бөлек кәсібіңізді заңдастырып, ИП ашып, әлеуметтік төлемдер жасап, ол жақтан да декреттік төлем алудың заңға қайшылығы жоқ. Тек ескеретін бір жайт - кей мемлекеттік қызметкерлердің өз атына ИП ашуына рұқсат жоқ", - деді заңгер.

Максималды декреттік төлем мөлшері қандай?

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап максималды декреттік төлем мөлшері 1 852 200 теңге болады. Бухгалтер Айсақызы Әсем бұл максималды соманы алу үшін жалақыңыз қанша болу керегін айтты.

"Ең төменгі жалақы – 70 000 теңге. Декреттік төлем есептелетін максималды жалақы 7 ЕТЖ  - 70 000 *7= 490 000 теңге. Жұмыс істейтін жүкті әйел жүктіліктің 30-аптасында декреттік декмалысқа шығады, ал декреттік төлем соңғы 12 айдағы  жұмыс беруші төлейтін әлеуметтік төлем бойынша есептеледі, яғни:

Соңғы 12 айдағы жалақыңыздың қосындысы  – 5 880 000 теңге болуы керек. Арифметикалық ортасы – 5 880 000/12= 490 000 теңге (декреттік төлем осы сома бойынша есептеледі). 

Декреттік демалыс босанғанға дейін 70 күн , босанғаннан кейін 56 күн, барлығы – 126 күн.

126/30 = 4,2 (коэффициент)

490 000 теңге*4,2 = 2 058 000 теңге

2 058 000 теңге – 10 % = 1 852 200 теңге", - деп есептеді Айсақызы Әсем. 

Маман бұл бір жұмыс орнынан ала алатын максималды сома екенін ескертті.

"Егер қосымша ИП болса ол жактан да 1 852 200 теңге ала алады, алайда кәсібі заңды болуы керек және табысы ай сайын 490 000 теңгеден  кем болмауы керек. Бұл ИП өзінің атында болса ғана. Ал егер ИП-ға жұмысшы болып тіркелсеңіз, өзіңіздің жұмысыңыз бен ИП-дағы жұмыс уақыты әртүрлі болуы керек. Сол секілді бірнеше жерде жұмыс істейсіз, олардың бәрінен декретке шығуды шештіңіз. Әр жұмысқа бөлек науқастық құжат өткізіледі, әрқайсысынан бөлек есептелінеді, 2 жердегі жұмыс уақыты 1 уақытқа сәйкес келмеуі керек. Яғни, бір жұмыс орнында сағат 09.00 - 18.00 аралығында жұмыс жасасыңыз, келесі жұмыста кешкі ауысымда болуыңыз керек", - деді маман.

А. Жапатова