Линзамен ұйықтап қалғаннан кейін не істеу керек?

Линзамен ұйықтап қалғаннан кейін не істеу керек?
Фото: pixabay.com

Жанаспалы линза қолданатындардың көпшілігі линзамен ұйықтауға болмайтынын біледі. Бірақ кейде тәжірибелі қолданушылардың өзі ұзақ күннен кейін үйде немесе жолда байқамай ұйықтап кетуі мүмкін.

Неге көздегі линзамен ұйықтауға болмайды?

Линзалар оттектің көздің мүйізгек қабығына кіруін шектейді және ол көз бетінің кеуіп кетуіне әкелуі мүмкін. Көптеген жақсартулар мен арнайы материалдарды қолдануға қарамастан қазірдің өзінде жанаспалы линзалар көзді жеткілікті оттекпен қамтамасыз ете алмайды. Сонықтан да линзаларда қолдану мерзімі мен ұзақтығы бойынша шектеулер бар. 

Егер линзамен ұйықтап қалсаңыз, не болады?

- Көздің мүйізгек қабығының гипоксиясы;
- Көздің созылмалы құрғақтығы;
- Аллергиялық реакция немесе жұқпалы аурулар.

Бұл кезде көз саулығына қауіп төнеді. Пайда болған аурулар көздің көруін нашарлатып қана қоймай, жанаспалы линзаларды ары қарай қолдануды мүмкін емес етуі мүмкін.

Ұйықтауға болатын линзалар бар ма?

Нарықта жанаспалы линзалардың жаңа типтері шығып жатыр.

Бірінші тип — икемді режим. Бұл бір-екі күн ұйықтауға рұқсат етілетін силикон-гидрогельді бұйым. Мысалы, ол ұзақ жолға шыққанға немесе басқа да линзаны шешуге мүмкіндік болмайтын жағдайларға арналған. Мұндай линзамен күнде ұйықтауға тыйым салынады.

Екінші тип  — ұзартылған режим. Өндірушілердің айтуынша, бұл линзаларды шешпестен 7 күнге дейін қолдануға болады.

Үшінші тип — үзіліссіз режим. Өндірушілердің айтуынша, линзаның бұл түрін шешпей бір ай жүре аласыз.

Бірақ офтальмологтар үзіліссіз киіп жүруге болатын линзамен ұйықтауды ұсынбайды. Олардың ойынша, жоғары оттек өткізгіштігі бар линзалардың өзі бәрібір көздің мүйізгек қабығын қалыпты қоректенумен қамтамасыз етпейді.

Линзамен ұйықтап қалсаңыз, не істеу керек?

Қатты уайымдамаңыз, линзамен бір рет ұйықтап қалғаннан көзіңізге зиян келе қоймас. Бастысы, оянғаннан кейін мыналарды дұрыс істеңіз:

- Оянған бойда бірден линзаны шешуге асықпаңыз. Көз беті құрғап кеткен болуы мүмкін, ол көздің мүйізгек қабығының зақымдалуына қосымша қауіп төндіреді. Бірнеше минут күтіңіз. Көзіңіз табиғи ылғалдануы үшін бірнеше рет жыпылықтатыңыз;

- Линзаны алмас бұрын ылғаландырушы тамшылар қолдануға болады. Ол да көз құрғақтығынан арылуға және линзаны алу процесін жеңілдетуге көмектеседі;

- Линзаны шешкеннен кейін оны аз дегенде бірнеше сағат кимей тұра тұрыңыз. Осы уақыт аралығында көз қалыпқа келуі керек. Линзаны шешкеніңізге бірнеше сағат өтті, бірақ әлі де жағымсыздықтар сезіп тұрсаңыз, бұл дәрігерге қаралуға себеп.

А. Жапатова