Мәңгі жас болу үшін 8 кеңес

Мәңгі жас болу үшін 8 кеңес
Фото: unsplash.com

Көпшілік мықты денсаулық пен сыртқы келбеттің әдемілігін сақтап қалғысы келеді. Бұл мақсатқа жету үшін біреулер "ғажайып" дәрілер ішсе, басқалары косметикалық процедураларға қомақты қаражат жұмсайды. Бірақ қолжетімді әрі қарапайым әдістер де бар.

Көз: күннен қорғайтын көзілдірік киіңіз

Түрлі түсті линзасы бар күннен қорғайтын көзілдірік сатылымының жоғарылауы кездейсоқтық емес. Мұндай әйнектер көзге өте пайдалы. Себебі ульракүлгін сәуле 3-категорияға дейін сүзгіленеді, яғни, көздің түрлі аурулармен ауыру қаупі төмендейді. Қараңғыланған әйнек сары дақты (көздің ішкі тор қабығының ортаңғы бөлігі) қорғайды. Оған қоса, көзілдірік көзді шаң мен ластан қорғап тұрады, көздің жарақаттану және құрғақтану қаупін төмендетеді. Сонымен қатар, көзілдірік кисеңіз, күнге көзіңізді сығырайтпайсыз. Сол кезде көз айналасына ұсақ әжімдердің пайда болуын алдын аласыз.

Күлкі: тіс тасын уақытылы алдыртыңыз

Тіс щеткасы мен жібі тістегі тасты кетіре алмайды. Тіс тастары тістің түсу қаупін жоғарылатады. Адам уақытылы гигиеналық тазалаудан бөлек кәсіби тазалауға да барып тұру керек. Кәсіби тазалаудан соң стоматолог тістің сыртын тегістеп, арнайы құрал жағады. Ол тісті қорғап қана қоймай, эмальді ағартады. Тістің таза болуы денсаулықты түрлі аурулардан қорғайды әрі әдемі күлкі сыйлайды.

Мүсін: арқаңызды тік ұстаңыз

Ересектер, әдетте, баласының бүкірейіп жүргенін немесе отырғанын көрсе, бірден ескертіп, арқасын тік ұстауын сұрайды да, бірақ өздерінің бүкірлігін байқамайды. Тік арқа денсаулыққа пайдалы әрі сырттай әдемі көрінеді. Жүріп келе жатып арқаңызды тік ұстауға тырысқан кезде автоматты түрде ішіңізді тартып, басыңызды көтересіз. Йогамен айналысуға уақыт бөлген жөн. Себебі йогада арқаны тік ұстап жүруге көмектесетін жаттығулар өте көп.

Бет: гимнастика жасаңыз

Бетке гимнастика жасау арқылы әжімдермен тиімді күресуге болады. Сондықтан күнде бетке жеңіл массаж жасауды әдетке айналдыру керек. Бетке гимнастика жасау бет терісіндегі қан айналымды және эпидермис тонусын жақсартады. Массажды жасарда кез келген өсімдік майының немесе түнгі кремнің бірнеше тамшысын қолданыңыз. Бетке қалай гимнастика жасау керегін мына жерден оқи аласыздар.

Тері: тазартыңыз және ылғалдандырыңыз

Жас ұлғая келе тері жасушаларының қалпына келуі баяулай түседі де, бет түсі күңгірт бола түседі. Жарқырап жүру үшін теріні жұмсақ пилингпен немесе скрабпен тазала тұру керек. Оны екі аптада бір рет жасау жеткілікті. Тазалау процедурасынан соң ылғалдандырушы маска қолданыңыз.

Макияж: оның жеңіл әрі табиғи түрін таңдаңыз

Егер қасыңыз қысқа әрі сирек болса, оны табиғи әдемі көрінетіндей етіп бояуды үйреніңіз. Көзге өте ашық теньдер қолданбауға тырысыңыз. Ал қара түсті жұмсақ қоңыр және сұр түске ауыстырыңыз. Бетке далап жағуды ұмытпаңыз. Мысалы, оның әлсіз алқызыл түрін беттің шығыңқы сүйегіне жақсаңыз, ол бет терісін жарқыратады. Ерін далабының өте қою реңктерін абайлап қолданыңыз. Себебі олар ерінді жіңішке етіп көрсетеді және түріңізді сәл үлкейтеді. Сондықтан ерніңіздің табиғи түсіне жақын реңкті ерін далаптарын қолданған жөн. Ерін үстіне аздап хайлайтер жақсаңыз, ол ерінге сәл көлем қосады.

Ұйқы: режим сақтаңыз

Ұйқыңыз қанбай жүрсе, режимді өзгертіңіз. Ағза демалу үшін терең және жақсы ұйқы қажет. Мүмкіндігінше, өзіңіздің биоырғағыңыз бойынша жүріңіз. Кейде кеш жатып қалсаңыз да, күнде таңертең бір уақытта тұруға тырысу керек. Жай ұйықтап, ерте тұрған күні сиестаға аз уақыт бөлуге тырысыңыз. Жақсы түнгі ұйқы жалпы денсаулыққа да, сұлулыққа да пайдалы екенін ұмытпаңыз.

Көңіл күй: оптимистер ұзақ өмір сүреді

Көптеген зерттеудің нәтижесі бойынша, негативті ой күйзеліс шақырса, позитивті ойлау "тыныштандырады". Ал созылмалы жабырқаңқылық өз кезегінде артериялық қысымды арттырады, зат алмасуды нашарлатады және басқа да жағымсыз нәрселердің орын алуына ықпал етеді. Оптимистер үнемі қозғалыста жүреді, әр нәрсеге қуанышпен қарайды (ағаш пен гүл, құшақтасу және т.б) және басқалармен өз тәжірибесімен бөлісуге тырысады.

А. Жапатова