Бетке арналған гимнастика

Бетке арналған гимнастика
Фото: onedio.com

Сіз күлу, жылау, таңғалу сияқты сезімде болған кезде, бет теріңізде әжімдер пайда болады. Ол  табиғи құбылыс. Алайда бет терісінде ондай әжімдер көбейіп кетпес үшін күнделікті гимнастика жасап тұрған жөн. Күніне 15-20 минут уақытыңызды бөлгеннің өзі жеткілікті. Бастысы, бұл істі әдетке айналдыру қажет.

1. Алақанның қырымен қасыңызды қысыңыз, бірақ жайлап істеңіз. Себебі сіз жаңа әжімдерді тудыруға емес, оларды азайтуға жасап жатқаныңызды ұмытпаңыз. Бас бармақпен көздің ұштарын, ал сұқ саусақпен қас арасын ұстап тұрыңыз. Саусақтарыңызбен ұстап тұрып, қасыңызды көтеруге тырысыңыз. Арасына 10-15 секунд салып, үш рет қайталаңыз. 

2. Қасыңызды барынша жоғары көтеріңіз. Содан соң оны алақаныңызбен ұстап тұрыңыз. Бас бармақтарыңызды құлақ қалқанына тіреңіз. Максимум тырысып, қасыңызды түсіріңіз. 

3. "Көздің қиығы" жиналатын көздің шеткі бұрышына ортаңғы саусақпен басыңыз. Ал сұқ саусақты ішкі бұрышына басыңыз. Осы қалыпта көзіңізді барынша ашып, жоғары қараңыз. Көздің жоғары тұсына күш түскенін сезіну керек. 

4. Аузыңызды аздап ашып, ерніңізді ішке қарай кіргізіңіз. Ал сұқ саусақты бетіңізге қойыңыз. Ерніңізді ішке тарта отырып, барынша кеңірек күлуге тырысыңыз. Саусақтарыңызға теріңіздің қарсыласуын сезінесіз. Осы гимнастиканы 10-15 рет қайталаңыз. 

5. Мұрынның ұшын сұқ саусақпен шамалы көтеріңіз. Екінші қолыңызбен оны түсіруге тырысыңыз. Бірнеше рет қайталаңыз.

6. Еріннің шетін сұқ саусақпен ұстап тұрып, бар күшіңізбен күлуге тырысыңыз. Күлкіңізді шамамен 15-20 секунд ұстаңыз. 

7. Сұқ саусақтарыңызды еріннің жоғарғы жағына қойып, жымиып, "А" дыбысын қаттырақ айтуға тырысыңыз. Осы гимнастиканы 15 ретке дейін жасаңыз. 

8. "Оооо" дыбысын айтқандай ерніңізді дөңгелектеңіз. Тіліңізді таңдайға тигізіп тұрыңыз. Саусағыңызбен ерін ұштарын итеріп, қозғаңыз. Бірнеше рет қайталаңыз. 

9. Тіке отырыңыз. Иегіңізді барынша алға шығарыңыз. Сол қалыпта 20 секунд тұрыңыз. Қайталаңыз. Нәтижесінде иек және мойын бұлшық еті қатаяды. 

10. Күлкілі гимнастика: тіліңізді шығарыңыз, жағыңызды алға қозғап, басыңызды айналдырыңыз. Мойын бұлшық еттеріне күш түскенін байқайсыз.

А. Жапатова