Музыканың саудаға әсері

Музыканың саудаға әсері
Фото: pro-tools-expert.squarespace.com

Супермаркетке, сауда орындарына, дүкендерге барсақ, жай ғана тауар толы сөрелер мен киім ілінген ілгіштерді көрмейміз, ішкі бұлқыныстарымызды ұмыттыратын өзге әлемге еніп кеткендей боламыз. Әсіресе мереке кезінде әр бөлшек тұтынушының назарын аударуға, көңілін көтеруге бағытталады. Әсіресе әуен қосылып тұрса, ол адамның көңіл күйіне екі есе әсер етеді.

Оның өзіндік ережелері де бар

Дүкендегі әуен дауысы тым қатты, тұтынушыны жалықтырып алмауы керек. Әуен қосылып тұрса да адамдар бір-бірімен сөйлесуіне кедергі келтірмейтіндей болуы шарт. Тіпті тауардың бағасы, сапасы туралы тұтынушылар өзара сыбырласып сөйлессе де дауысы бір-біріне естілетіндей, әуен кедергі келтірмейтіндей болады.

Жылдам ырғақты ән болса, тұтынушылар да өздерінің қалай жылдам қозғалып кеткенін білмей қалады екен. Осыны білетін менеджерлер тамақтанатын жерлерде адам көп болса, басқалар кезек күтіп тұрмас үшін, жылдам ойналатын әуен қояды екен. Ал адам аз болса, асықпай отырып тағы да тапсырыс берсін деген ниетпен баяу әуен қояды екен. Ал аяқ киім, киім, косметика секілді ұзақ уақыт таңдауды қажет ететін тауарлар сататын жерде баяу ән қойылады.

Әуен таңдауда келетін тұтынушылардың жас шамасына да көңіл бөлу керек екен. Жастар көп жиналатын жерде көңілді көтеретін, заманауи әуендерді қосады. Ал егде жастағыларға арналған тауар сататын болса, сол адамдардың жастық шағына тән, баяу әуендерді қосу керек.

Тауарыңыз жақсы өткенін қаласаңыз, қандай әуендер қосуға бомлайтынын да білген жөн. Ескі махаббатты, өмірден өткен ата-ананы, туыстарды еске салатын мұңды әуендер қосудың қажеті жоқ. Сонымен қатар жаңадан шыққан хит әндерді де ойнату жақсы таңдау емес, өйткені тұтынушылардың назары тауардан ауытқып, әнге баса мән беріп кетуі де мүмкін. Дүкендерге рок, шансон, классика секілді жанрлардағы әуендер де сәйкес келмейді. Себебі бұл бағыттағы әндерді кейбірі сүйіп тыңдаса, енді бірі жек көруі ықтимал.

@. @assel_assanova