"Заманға сай адам". Ол кім?

"Заманға сай адам". Ол кім?

Ұрпақ ауысқан сайын, заман да жаңарып бара жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан, әр ұрпақтың өзін барынша заманға сай адам ретінде сезінетіні заңдылық па дейсің. Техникалық прогрестің арқасында ол өзінен бұрын өмір сүрген адам өңінде көрмеген нәрселерді қолданады.

Расымен, өткен ғасыр адамдарының қиялында ғана қалықтаған іPad-тың бір өзі қандай мүмкіндіктер беріп жатыр! Ғылымға сүйенсек, қазіргі адамның бас сүйегі ежелгі адам бас сүйегінен ерекшеленетін көрінеді. Бас сүйектің көлемі орта есеппен ерлерде 1440 куб.см, әйелдерде 1300 куб.см. екен. Тек бас сүйек емес, дене мүшеміздің де уақыт өткен сайын өзгеріске ұшырап жатқанын тарихтан білеміз. Оған қоса, адамдардың ойларынан бастап, киім кию әдебіне дейін өзгеріп, жаңа ұрпақпен жаңа өмір басталып жатады.

Мойындайықшы, өз заманында дәурені дүркіреген әуендер, сән үлгілері, қарапайым шаш сәнінің өзі бізге тым қарапайым болып көрінеді емес пе? Анаңыздың не әкеңіздің суреттерін көріп отырып, дәл қазір өзіңіз сол суреттегідей балақты шалбармен көшеге шығар ма едіңіз? Біздің ұрпағымыз да біршама жылдар жылжыған соң, ноутбукті көрген кезде "Неткен қарабайыр техника!" деулері әбден мүмкін! (Қазірдің өзінде ғалымдар ноутбук дәуірі 5 жылдан соң бітетінін айтып, дабыл қағып отыр). Шыны керек, жаңа заман техникамен бірге бітесе дамып жатыр. "Виртуалды әлем" пайда болып, кейбіріміз осы әлеммен тыныстайтынды шығардық. 


Біз осы жаңа заман беріп жатқан мүмкіндіктерді қаншалықты пайдаланып жүрміз? Жалпы заманға сай адам деп кімді айтуға болады? Осы жолдарды оқып отырған мына Сіз өзіңізді заманауи жандардың қатарына жатқызар ма едіңіз? Заманға сай адам болу үшін қандай болуыңыз керек? Енді осы турада аз-кем ойланып көрейік.

  • Күніміздің көп бөлігі жұмыста өткенімен, жеке өмірдің тірліктерін былай ысырып қойғанның өзінде, кейде сол жұмыстың тапсырмаларына үлгермей, жанталасып жатамыз. Сондықтан, ең алдымен уақытты тиімді пайдалана білуіңіз қажет. "Уақыт - ақша" екенін ұмытпаңыз.
  • Кез келген техниканың мүмкіндіктерін тиімді қолданып, жоғары технологиядан хабардар болып жүргеніңіз жөн. Айпад пен айфонды бір-бірінен ажырата алмау жаңа заман адамы үшін ұят деуге де болады. 
  • Заманауи адам болып жатқан маңызды жаңалықтарға құлақ түріп жүруі керек. Кез келген тақырыпты әрі алып кете алатындай ой өрісіңіз, біліміңіз болғаны жөн. Заманауи адам - жоғары білімді, мәдениетті, рухани бай және жетістікке жете білетін адам.
  • "Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек". Гардеробыңызда кез келген жағдайға ( жұмысқа, кездесуге, отырысқа, кештерге т.б.) арналған киімдердің тұрғаны жөн. "Қазір адамды киіміне қарап бағалайтын заман" деген сөздің жаны бар. Сондай-ақ адамның сіз туралы ең бірінші ойы сыртқы келбетіңізге байланысты қалыптасатыны дәлелденген.

Сіз жоғарыдағы тізімге тағы не нәрсені қосар едіңіз?

...Біздің жағдайда сөз саптасақ, қазір адамның жан-жақты жетілуіне бар жағдай жасалған. Оқып, үйренгіңіз келе ме? Ғаламтор деген қиырсыз кеңістікті ашыңыз да, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніңіз. Заман беріп жатқан бар мүмкіндіктен бас тартудың қажеті жоқ. Бастысы - адамдықты жоғалтпасаңыз болғаны...

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: favim.ru, dorih.ru

Р. Роза