Марафонға 5 күн қалғанда...

Марафонға 5 күн қалғанда...
Фото: massaget.kz

21 сәуір күні Алматыда марафон өтеді. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жүгіру жарысына қатысушылар саны да жыл санап артып келеді.

Биыл 8-ші рет өтетін марафонға 17 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Қазақстаннан өзге әлемнің 53 елінен әуесқой спортшылар келмек. 

Алматы марафонында әртүрлі қашықтықтар бойынша жүгіруге болады. Қатысушыларды тіркеу аяқталып үлгерді. Ал қатысуға ниет білдіргендер дайындықтарын әлдеқашан бастап кеткен. Біз жарысқа 5 күн қалғанда қалай дайындалу жайын айта кетпекпіз.

1. Күшіңізді сақтаңыз

Марафон жақындаған сайын күшіңізді сақтауға тырысыңыз. Бұрынғыдай көп жаттығуды азайтып, тек физикалық қалпыңызды сақтауға көңіл бөліңіз. Яғни аздап жүгіріп, көп күш түсірмейтін жаттығулар жасаңыз.

2. Көп тамақтанбаңыз

Жаттығуды азайтқан соң көп тамақтанбаңыз. Осыған дейін көбірек жаттығу жасап, калориясы көп тағамдарды тұтындыңыз. Енді жаттығу азайғаннан кейін дәл солай тамақтана беретін болсаңыз, бірер күнде бірнеше келі салмақ қосып алуыңыз мүмкін. Ал марафон кезінде бұл салмақ сізге кедергі болады.

3. Киімдеріңізді киіп дайындалыңыз

Жарысқа бірер күн қалғанда жүгіруге киіп шығатын киімдеріңіз бен аяқ киіміңізді дайындаңыз. Дайындап қана қоймай, көшеге шығып жүгіріңіз де. Бұл әдіс марафон кезінде көбірек қобалжымау үшін керек. Психологиялық тұрғыдан дайын болуыңыз да тиіс. Киімнің жүгіруге ыңғайлы, не ыңғайсыз екенін де сезінесіз.

4. Ұйқыңызды қалыпты ұстаңыз

Марафонға аз уақыт қалғанда бір уақытта тынығып, бір уақытта оянуды әдетке айналдырыңыз. Марафон басталатын уақытта күнде ояу болыңыз. Ағзаңыз сол уақытқа бейімделе бастайды. Әрі марафон күні сергек боласыз.

5. 2-3 күн қалғанда көмірсуы мол тағамдар тұтыныңыз

Күріш, макарон, ботқа, қарабидай наны, спорттық сусындар және жеміс-жидек тұтыныңыз. Бір күн балық жеу де артық емес.

6. Таңғы астан бас тартпаңыз

Марафонға 2-3 сағат қалғанда міндетті түрде көмірсуы мол тағамдар ішіп-жеп, күш жинап алыңыз. Бұл сіздің ұзақ қашықтықты бағындыруға көп көмегін тигізеді.

Дәрігерлер не дейді?

"Алматы марафонын" ұйымдастырушылар әрбір қатысушының денсаулығына бей-жай қарамайды. Жуырда ғана ресми сайттарында спорттық медицина саласындағы сарапшылар кеңестерін ұсынды.

"Әуесқой спортшылар кешенді тексерістен өтіп, жылына екі мәрте анализ тапсыруы қажет. Ал жүгіру жарысына бірнеше күн қалғанда дәрігерден кеңес алуды ұмытсаңыз, әлі де кеш емес! Терапевт, кардиологқа барып, жалпы қан анализін тапсырып, глюкоза деңгейін тексертіңіз! Жүгіру кезінде жүрекке қысым көрсету, жүрек ақауы бар адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал, қант деңгейі мөлшерден жоғары болса, марафон жарысына қатысуға мүлдем тыйым салынып, арнайы жеке жаттығулар беріледі. Сол себепті дәрігерге қаралу – міндетті шарт. Сонымен қатар, дәрігер осы спорт түріне қарсы көрсетілім беруі мүмкін" - деп жазды.

- Жүгіру жүрек-қан тамырлар аурулары бар, аяқ буындарының дегенеративті және асқынған өзгерістері, соңғы айлардағы жүктілік, сондай-ақ остеопорозға шалдыққан 60 жастан асқан адамдар мен операциядан кейінгі кезеңдегі науқастарға қарсы көрсетілген. Дегенмен, физикалық белсенділікті шектеу – шешім емес. Мүмкіндігінше өз кестеңізге дене жаттығуларын қосып, скандинавиялық жүріспен айналысыңыз немесе жаяу ұзақ уақыт бойы серуендеуге көңіл бөліңіз. Жарақат алған жағдайда немесе ауру кезінде жүгіру жарысына қатыспай, жанкүйер ретінде келген жөн, - дейді флеболог-дәрігер және ангиохирург, Еуропаның ангиологтар қоғамының мүшесі Әлия Бақытжанқызы Жұматаева. 

Айта кетейік, "Алматы марафоны" спорттық шарасынан түскен қаржы қайырымдылық мақсатта жұмсалады. Қатысушыларға сәттілік тілейміз!

Ө. Сансызбай