Жұмыс сапасын қалай жақсартуға болады?

Жұмыс сапасын қалай жақсартуға болады?
Фото: vk.com

Кез келген жұмыс саласында өзгелер шаңына да ілесе алмайтын күш-жігері тасып тұрған нағыз данышпандар бар. Бірақ ондайлар өте сирек кездеседі. Екінің біріне ондай қасиет беріле бермейді. Миллионнан 1-2 адам ғана. Ондай дарынмен тумаған қарапайым, жұмыс жасау қабілеті орташа адамдар басқа қабілетті бәсекелестерден асып түсу үшін өзін-өзі үнемі дамытып отыруға мәжбүр. Жұмысты сапалы істеудің кілті де осы өзін-өзі дамытуда. «Жақсы жұмыс істеу», «сапалы жұмыс істеу» деген нені білдіреді? Егер сіз шамадан тыс жалқау болсаңыз, жұмыс уақытында сапалы жұмыс істемек түгілі, орташа деңгейде нәтиже беруге де жарамайсыз. Ал, сапалы жұмыс өз кезегінде жеке және кәсіптік өсуді талап етеді. Егер сіз де жоғарыда айтылған мәселелермен күнделікті ұшыраса беретін болсаңыз, оны қалай шешу жолдарына қатысты берген кеңестерімізге зер салыңыз.

Жұмысқа тез кірісіп кетуді үйрену

Жұмыс сапасын жақсарту үшін аса дарынды болудың қажеті жоқ. Ең алдымен, сол жұмысқа кірісіп кетуді дағдыға айналдырсаңыз болғаны. Кез келген алыс жол алғашқы қадамнан басталады. Бірақ сіз қиын әрі шамадан тыс көп тапсырма орындауға мәжбүр болсаңыз, онда бұл қадам айтарлықтай қиынға соғары анық. Жалпы, табысты жұмыс істеу формуласы көптеген факторларға байланысты. Олардың бірі: жұмысты неғұрылым ерте істей бастасаңыз, соғұрлым тезірек бітеді. Яғни, қалған уақыттың бәрі өз еншіңізде қалады. Егер жасаған жұмысыңызда қандай да бір қателіктер орын алса, онда оның бәрін қалпына келтіріп, түзеуге мүмкіндік пайда болады. Жұмысқа жылдам кірісу үшін 20 минут жеткілікті екен. Егер сіз осы 20 минут бойы тапжылмай отырып жұмыс істесеңіз, қалған уақытта өзге дүниелерге алаңдамайтын боласыз.

Жұмыстың өз өміріңіздегі маңыздылығын ұғыну

Адам бір күндік өмірінің 50 пайыздан астам бөлігін жұмысында өткізеді. Сондықтан жұмыстың маңыздылығын қажет деңгейде ұғыну керек. Бұл тек жан бағудың көзі ғана емес, ол қоғамның, өзіңіздің игілігіңіз үшін жасалады. Сондықтан жұмыс үрдісінде өзіңізді арнайы жұмыс атмосферасына түсіретін бірден бір себеп – оның «қасиетті» екенін түсіну. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, бұл жұмыс әлеуетін айтарлықтай арттырады. Жұмыс барысы белсенді жүру үшін өз жұмыс тәртібіңізді орнатып алыңыз. Кестеден қажетсіз барлық нәрсені алып тастап, алаңдатар сыртқы сигналдар мен қажетсіз ақпараттар ағынын оқшаулау керек.

Өз биоритміңізге бағыныңыз

Кез келген жұмыс процесі сіздің биоритмдеріңізге бағына отырып, белгілі бір ырғақта орындаған жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Өз денеңіздің қажеттіліктеріне және психологтардың ұсыныстарына құлақ түріңіз. Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, қалыпқа келу үшін қаншалықты жиі үзіліс қажет және оған қанша уақыт жұмсау керек екенін тексеріңіз. Көптеген адамдар жұмыстың жемісті ағысын жоғалтқысы келмей, үзілістерге көз жұма қарайды. Бұл дұрыс емес. Өйткені ағза әр сағаттан шағын аралықта дем алуды қажет етеді. Егер мұндай үзіліс жасамасаңыз, онда жұмыс сағаты өткен сайын өнімділік төмендейді. Оны арттыру үшін істің логикалық тұрғыдан аяқталған бөлігін жасағаннан кейін, оны бір жаққа қойып, басқа бір бөлігіне кірісіңіз. 

А. Оралқызы