Ең үлкен жетістік – қоғамға пайдалы іс тындыру

Ең үлкен жетістік – қоғамға пайдалы іс тындыру
Фото: wordpress.com

Кез келген саналы адам өмірде табысқа, жетістікке жеткісі келеді. Оның орындалуын көксеп, іштей алдына үлкен-үлкен мақсаттар қойып, соған жету үшін бар күшін салады. Әрине, көздеген мақсатқа бірден жете қою мүмкін емес. Жолыңызда небір кедергілер кездесетіні сөзсіз. Кей адамдар ондай кедергілерге тап болған жағдайда әр түрлі күйзеліске ұшырайды. Жетістік адам баласына бақыт сезімін сыйлайды. Әр адам бақытты болуға һәм табысқа жетуге хақысы бар. Олай болса, оған жетудің қандай жолдары бар екенін біліп көрелік.

Әуелі, жетістікті қалай түсінеміз? Жетістік дегеніміз – бір мақсатқа бағытталған рухани әрі дене қуатының белгілі бір деңгейге, биікке жетуі. Жетістікке жету жолындағы басты ұстанымдарды біліңіз. Олар:

– Алдыңа үлкен-үлкен мақсаттар қоя білу;

– Әр іске дайын бола білу;

– Қандай жағдай болмасын үнемі алға ұмтылу;

– Қорықпау, сенімді бола білу;

– Әрқашан еркін ойлау, тәуелсіз бола білу;

– Өзгелермен кеңес құру, т.б.

Жетістіктің 90%-ы еңбекпен келетінін ешқашан ұмытпаңыз. Бұл үшін мына нәрселер керек:

– Өз қарым-қабілетіңді білу;

– Өзіңді өзгелерге мойындату;

– Өмірлік һәм ұлттық құндылықтарды тану, т.б.

Белгілі бір табысқа кенелу үшін алға мақсат қоямыз, оған жоспар құрамыз. Мақсат құрған кезде мына нәрселерді әрдайым жадыңызда ұстаңыз:

– Мақсатыңныңыздың пайдасын біліңіз;

– Үнемі ізденіс жасаудан шаршамаңыз;

– Ісіңізздің нәтижесін талдап, саралай біліңіз;

– "Сақтықта қорлық жоқ" дегендей сақтық шараларын да ұмытпаңыз;

– Әрдайым сапаға ерекше мән беріңіз.

Мақсатқа ұмтылған адам күндердің бір күнінде сол көздеген дүниесіне жетері анық. Жетістікке жетіп, шалқаю жақсы адамның ісі емес. Жетістік тек оза шауып бәйге алуда емес, адамдық қасиетті жоғалтпауда жатыр. Әуелі, адам деген атқа лайық болғаныңыз жөн. Тағы бір айта кететін нәрсе, жақсы адам өзіне қалағанды өзгеге де қалайды. Тек қана өзім үшін деп емес, өзгелерге де пайда келтіру жағын ойластырыңыз. Ең үлкен жетістік – өзгелерге пайда келтіру, қоғамға пайдалы іс тындыру. 

Ж. Жұмағұлов