Еңбек нарығын реттеуге 220 миллиард теңге қажет

Еңбек нарығын реттеуге 220 миллиард теңге қажет
Фото: Finiq.ru

ХХІ ғасыр басынан әлемді екі дағдарыс толқыны айналып өткен болса да, Қазақстандағы  жұмыссыздар саны 2001 жылдан (9,2%) 2016-ға дейін (4,9%) екі есе төмендеген. Әдетте дағдарыс кезінде елдегі кәсіпорындарда қысқартулар болып, жұмыссыздар саны артады. 2015 жылдың тамыз айынан бастап елімізде бірқатар салаларда қысқарту орын алғаны белгілі. Ал мұнай бағасының күрт төмендеуі мен халықаралық саяси-экономикалық резонанстың Қазақстан экономикасына ешқандай кері әсерін тигізбегеніне сенетін болсақ, мұндай статистикалық оксюморонға мән бермес те едік. Ендеше сөз түбі неде?

2016 жылдың басында жұмыссыздар көлемін анықтау методикасы өзгертілген. "Азамат жұмыссыз статусын алу үшін соңғы қызмет орнынан босатылғанынан 10 күн өтуі тиіс", — дейді Қазақстанның Инвестиция және даму министрінің бұрынғы орынбасары Рақым Ошақбаев. Экономист жұмыссыз азамат аймақтық жұмыспен қамту орталығында "жұмыссыз" ретінде тіркеуге тұрып, әр үш күнде статусын растап отырса ғана, жалпы статистикаға енетінін айтады. "Бізде халық аймақтық орталыққа келіп, жұмыс сұрауға үйренбеген. Келсе де, әр үш күнде статусын жаңартып отырмайды", — дейді "Талап" зерттеу орталығының маманы Рақым Ошақбаев. Осы әдістің есебінен табысы 30 мың теңгеден аспайтын азаматтар саны 2015 жылдың 4 кварталында 502 мың болған болса, 2016 жылдың 1 кварталында, небәрі 3 айда, 289 мыңға дейін қысқарған.

Айта кетсек, қазіргі таңда Қазақстандағы жұмыссыздар саны 441 900 адамды (2016 жыл қорытындысы бойынша) қамтиды.

Жоғары білімді жастардың 30%-ы өз мамандығы бойынша еңбек етпейді

Қазақстанның экономика және сауда министрі (1999-2002 ж.ж.) қызметінде болған Жақсыбек Күлекеев экономика жоғары білімді азаматтарға жұмыс орнын ашпай отырғанын айтады, яғни нақты таргетингтік жұмыс жүзеге асырылмай отыр. "Қазақстанда тәуелсіздік алғалы болашақта сұранысқа ие мамандықтарды анықтау үшін дұрыс аналитика жасалған емес. Сондықтан бітіруші түлектерге нарықта сұраныс болмайды. Сосын жас мамандардың 60 пайызы өз саласын дұрыс таңдамағанын және өз қалауындағы мамандықты игермегенін алға тартады. Бұл жұмыссыздық деңгейін көрсететін статистикаға да қатысты", — дейді профессор. Бұрынғы министрдің айтуынша, еңбек нарығындағы ақпараттың бір орталыққа жиналмауы еңбек биржасы жабылған кезден басталған.

"Өсіп келе жатқан ұрпақты дұрыс бағытпен өз таңдауы бойынша жоғары білімді маман атануына екі министрлік жауапты. Бірақ оның ешқайсысы ел экономикасында сұранысқа ие мамандықтар тізімін анықтай алмай отыр", — дейді Жақсыбек Күлекеев. Оның айтуынша, дұрыс бағдар беру мектеп табалдырығынан бастауды қолға алу керек.

Бұл пікірмен Назарбаев Университетінің оқу ісі жөніндегі маманы Қорлан Сыздықова да келісетінін айтады. "Мектеп түлектерінің 87%-ы мамандық таңдау кезінде әке-шешесінің немесе ұстаздарының айтқанына тәуелді. Ал олардың 81%-ы қазіргі таңда нарықта қандай мамандықтар сұранысқа ие екені мен олардың табыстық айырмашылықтары туралы ақпаратқа ие еместігін растады", — дейді НУ маманы. Сыздықова ханымның айтқанына сүйенсек, баласының болашағына әсер ететін ата-аналардың 98%-ы еңбек нарығындағы сұраныстар мен ұсыныстар туралы ақпаратты білмейді.

"Өкінішке орай, елімізде сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша кадр дайындау үрдіске айналып жатыр. Ал бізге қажет инженерлік мамандар ЖОО тәмамдағаннан кейін, басқа салаға бейімделуге мәжбүр", — дейді Назарбаев Университеті өкілі. Сыздықова ханым дайын мамандарды кәсіпорындарға оларға тиімді ұсыныстармен бағыттау керек екенін айтады. "Сонда ғана олар өзінің академиялық білімін іс-жүзінде тиімді пайдаланады", — дейді ол.

НУ өкілінің пікірінше, болашақта сұранысқа ие мамандықтарды анықтайтын ведомстволардың тізімі мен университеттер ұсынатын мамандықтар контингенті бір-біріне сай келе бермейді. Қай салада кадр дефициті жүріп жатқанына қатысты ойға қонымды аналитикалық зерттеу нәтижелері әзірге табылмай тұр. "Қазір ең көп сұранысқа ие бағдарламашы мамандығы алдағы 10-15 жылда сұранысқа ие болмайды. Себебі жасанды санамен қамтамасыз етілген смарт компьютерлер бағдарламашының көмегінсіз кез келген кодты жазатын мүмкіндікке ие болады", — дейді Қорлан Сыздықова.

Халықаралық экономикалық форум зерттеуіне сенсек, заманауи еңбек нарығы мен кәсіби бағдары бойынша Қазақстан 140 ел арасында 42-орынға көтерілген. Бір жыл бұрын еліміз 50-орында болған. Айта кететін жайт, Қазақстан жоғары білімі бар азаматтар саны бойынша сол 140 ел ішінде 61-орында келеді.

Еңбек Биржасын қайта құру керек

"1998 жылы аймақтық жұмыспен қамту орталықтары ашылып, бір орталықтан бақылау жойылды. Сол кезден бастап кәсіподақтар жұмысы баяулай түсті", — дейді Күлекеев мырза. Сонымен қатар, оның айтуынша, қазіргі қалалық не аймақтық кәсіподақтар жұмыс орнын сақтап қалу мәселесінде айтарлықтай күшке ие емес. Профессор кез келген жұмысшының өз құқықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіру жұмыстарын жүргізілмейтінін айтады.

Дегенмен Алматы қаласы жұмысшыларының кәсіподақ төрағасы Жұмагүл Тәжібекова профессор пікірімен келіспейтінін айтады. Кәсіподақ басшысы жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға жаңа жұмыс орындарын тауып беріп отырғанын, тіпті, өзі орталықтың көмегімен мамандарды жұмысқа алғанын негізге алады. "Жұмыспен қамту орталықтарынан маман жалдау кәсіпкерлерге де тиімді. Олар ведомство арқылы жұмысқа алған әрбір қызметкері үшін бір жыл көлемінде қосымша сыйақы алып отырады", — дейді Жұмагүл Тәжібекова.

Күлекеев мырза ақпаратты анализдеу мен болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтарға бағдар жасау жолындағы анализдердің жасалмай жатқанын көтерсе, кәсіподақ басшысы мұнымен арнайы статистикалық комитет айналысатынын алға тартады. Расында, аналитика дұрыс жасалатын болса, дағдарыс кезіндегі жұмыссыздықдың төмендеу парадоксына куә болып, жоғары білімді азаматтардың қайта біліктілігін арттырып, басқа салаға бейімдеу мәселесін қарастырмас та едік.

АҚШ не Жапония?

Ең либералды нарық жүйесі АҚШ-та қолданылса, ең жабық нарықты Жапония өзіне бекіткен. АҚШ-тың еңбек департаменті бекіткен ережелерге сәйкес, аталған елдің нарығында еңбек ететін азамат құқығы кәсіподақтың қолдауына ие. Жұмыстан босатылғанның өзінде, кезекті тұрақты жұмысына орналасқанға дейін кәсіподақ тарапынан жәрдемақы төленеді.

Жапония еңбек министрлігі еңбек нарығында жұмыссыздар санын азайту мен жұмыссыздарға жәрдемақы бөлмеудің амалын жасау үшін мамандардың бір жұмыста зейнетке дейін тұрақтауына барынша жағдай жасайды. Бір сөзбен айтқанда, проблеманың салдарымен емес, себебімен жұмыс істеу қолға алынған. Ал қалған елдер осы екі түрлі нарықтың арасында жүргендер болып саналады. Еңбек нарығын либералдау арқылы біз жұмыссыздар санын, шын мәнінде, төмендетеміз.

Релокация мәселені толық шешпей отыр

Экономика ғылымдарының кандидаты Күлекеевтің сараптамалық зерттеулеріне орай, 2050 жылға қарай Қазақстандағы жұмыссыздар санының 50%-ы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында шоғырланады. Себебі аталған облыстардың туу көрсеткіші жоғары және олардың барлығын жұмыспен қамту үшін өндірістік кешендер эксплуатацияға жіберілмей отыр. "Халықты көшірудің гравитациялық моделі бар. Үкіметке азаматтарды жұмыспен қамту үдерісіне тиімді релокация табу анализін жасау ұсынылды. Нәтижесінде халық тығыз орналасқан оңтүстіктен солтүстіктегі халқы сирек облыстарға тиімді ұсыныспен көшіру процесі іске қосылды", — дейді ғалым. Күлекеев мырза дәл осы бағдарламамен Оңтүстіктен Солтүстікке жылына 2 500 адам көшірілетінін айтады. "Әрине бұл жоғарыдағы дилемманың шешімі емес. Әйткенмен де, үдерістің алдын алуға септігін тигізіп отыр", — дейді ол.

Шешімді табудың прокрастинациясы

Қазіргі таңда, әрбір министрлік жанында аналитикалық комитет құрылған. Аталған ведомстволар министрліктің сұранысына орай берілген ақпаратты өңдеп беріп отырады. Бірақ олардың орталыққа бағынбауы жалпыұлттық сараптаманың жасалуына кедергі болып отыр.

"Бізге үлкен әлеуметтік зерттеулер жүргізу керек. Оны Тамара Дүйсеноваға (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі - р.т.) өткен жылдан бері ұсынып келемін. Зерттеуді қалай жүргізу және неден бастау керек екенін де көрсеттім", — дейді  Жақсыбек Күлекеев. Оның айтуынша, мұндай зерттеуді жасауға арнайы комитет құру керек. Ал министрлік еш қаржы жұмсағысы келмей, өзінде бар мамандардың көмегімен сараптама жасауды жөн көріп отыр. Сәйкесінше, еңбек нарығына анализ жасалмағаннан кейін, мамандар даярлау процесі дұрыс емес бағытта дами береді.

"Экономикада сұранысқа ие кадрларды дайындауды латыштардан үйренейік. Олардың халық саны бізден 5 есе аз болса да, еңбек нарығына аналитика жасау үшін жылына 3 млн еуро жұмсайды. Бұл мәселемен Еңбек министрлігімен қатар, Білім және ғылым министрлігі де айналысуы тиіс", — дейді Күлекеев мырза.

Бірнеше жыл бұрын осыған ұқсас мәселені АҚШ-тың Теннесси штаты қарастырған екен. Штат губернаторы халқының 55%-ын 2025 жылға дейін жоғары және орта маманданған білімге ие болуды дәріптейтін "Drive to 55" жобасын іске асырады. Шешім ретінде ұсынылған үш бағыттың бірі әртүрлі кәсіпорындармен күнделікті қарым-қатынаста болып, нақты қандай мамандарға дефицит туындап жатқанын анықтайтын департамент құру болған. Бұл идея өз нәтижесін сол мезетте берген. Себебі кәсіпкер маманды іздеуге жұмсайтын уақытын үнемдеп отыр. Академиялық білімі немесе біліктілігі жоғары мамандар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші де төмендей түскен.

Рақым Ошақбаевтың пікірінше, бұл мәселені қарауды кейінге қалдыра берсек, миллиардтаған қаржы жұмсауымызға тура келеді. "Мысалы, Самұрықтан ҚазМұнайГаздың кадрлық мәселелеріне байланысты шығындарын жабу үшін әр бес жылда $10 миллиард бөлініп отырады. ӨзенМұнайГаз басшылығы да жыл басында еңбек өтемақы қорына 70 миллиард теңге бөледі. Бірақ жыл соңында шығын көлемі 250-270 миллиард теңгеден асып кетеді. Еліміздің корпоративтік қарызы осылай өсіп отыр", — дейді экономист.

"Жаңаөзен моноқала болып есептелгендіктен, қала тұрғындары тек мұнай саласында еңбек етеді. Сәйкесінше, азаматтар табысы сол бір компанияның саясатына тәуелді болып отыр", — дейді ол. Сонымен қатар, экономист Жаңаөзен тұрғындары жоғары жалақыға үйреніп, дағдарыс кезінде оны төмендетпеуді талап ететінін айтады. "Жұмыстан ешкімді шығару мүмкін емес. Табысы жоғары болғасын, миграция ағымы ретке келтірілмегендіктен, қала саны қысқа уақытта күрт өскен. Маманды жұмыстан шығарған жағдайда, бірден саяси мәселе даурыға кетеді", — дейді Рақым Ошақбаев.

Мәселенің шешімі — 220 миллиард теңге

Рақым Ошақбаев осыған дейін Қазақстандық Индустрия Дамыту Институтына (KIDI) жасаған мәлімдемесінде еңбек нарығында 4 түрлі категорияға жататын азаматтар ел экономикасының дамуына кедергі болып отырғанын атап өткен. Оған жұмыссыздар (3%), жалақысы 30 мың теңгеден аспайтындар (3%), үй шаруасымен айналысатындар (2%) және бізге белгісіз себептермен жұмыс таппай отырғандар (3%) жатады. Ендеше еңбекке жарамды азаматтардың 11%-ының немесе 1,4 миллионының өнімділігін арттыруға тиіспіз.

"Ұлттық экономика министрлігі ұсынған ресми статистика 11%-ды көрсеткенімен, аналитикалық гипотеза сандық көрсеткіштің 15%-ға жақын болуы мүмкін екенін дәйектейді", — дейді Ошақбаев мырза. Экономист жоғарыда айтылған 4 категориядан бөлек, жалпы есебі 1,8 миллионды (15%) қамтитын "өнімділігі жоғары" азаматтар категориясы бар екен айтады. "Бұл санаттағы азаматтардың 90 пайызы 60 мың теңгеден төмен табысқа ие. Демек жұмысқа икемді ел тұрғындарының 30%-ына серпін беруіміз керек", — дейді бұрынғы вице-министр.

Экономист 2016 жылдың ІІІ кварталында мұғалімдердің жалақысы орта есеппен 88 мың теңгені көрсеткенін және бұл экономика салалары арасында ең төменгі сатыда екенін айтып отыр. "Қазақстанның туу көрсеткішінің өсімін ескере отырып, 2020 жылға дейін тағы 100 мың мұғалім дайындауымыз керек. Бұл осы жылды қосқанда, білім беру саласын жылына 20 мың жоғары білімді маманмен қамтамасыз етіп отыруға тиіс екенімізді көрсетеді. Ал мектеп түлектерін осы мамандыққа баулу үшін, мұғалімдердің жалақысын бірден көтеру керек", — дейді Ошақбаев мырза.

"Талап" зерттеу орталығының есебіне орай, барлық саладағы мамандардың аймақтық жалақы көрсеткіштерін бірегей реттеу үшін 220 миллиард теңге қажет. "Депутаттардың жалақысы көтерілген кезде, осы мүддені айтып кеткен жөн деп білемін. Министрлікте қызметім барысында игерген тәжірибеме орай, бұл қаржыны бюджеттен табуға болатынын айтқым келеді", - дейді Рақым Ошақбаев.

Автор: Жолдас Өрісбаев

М. Оңғарова