Түбінде махаббат бәрін жеңіп шығады...

Түбінде махаббат бәрін жеңіп шығады...
Фото: www.flickr.com

Бірде Конфуцийден әлдебіреу: "Өлім деген не?" деп сұрапты. Данагөй сұраққа сұрақпен: "Өмір деген не?" депті. Әлгі адам тосылып қалғанда, Конфуций: "Өмірдің не екенін білмейсің. Өлімнің не екенін қайтесің?" деп жауап беріпті. Расында, біздің «өмір» туралы ойымыз қандай? Өзімізге соншалықты ауырлық салып, тіршілігімізді қиындатып жібермедік пе? Осы жағына бір көз жүгіртіп көрейікші... 

Өмір болған соң түрлі жағдайлар, қиыншылықтар басымызға түсіп жатады. Жақсылық та, жамандық та қатар жүретіндей. Қиналғанда қасыңнан табылар дос іздейсің. Дос таппай налисың кейде. Айналаңдағы адамдарға деген сенім жоғала бастаған кезде жалғыздықтан артық ешкімді дос көрмейсің. Мұндайда ең бастысы – сынып кетпеу. 

Басыңа қатты ауыртпалық түскен сәтте ең бірінші мынаны ойла: бәрі де өткінші. Қуаныш та, қайғы да, бақ та, дәулет те бір күні өтіп кетеді. Сондықтан қайғыға салына бермеген дұрыс. 

Кей адамдарға таң қаласың. Сөзіңнің жартысын естиді, аз бөлігін түсінеді, артығымен асырып жеткізеді. Адамдарды жақын білген соң, олармен алыстан араласқың келеді. Оларға деген сенім жоғалса, оны қайта қалпына келтіру жағын ойла. Себебі, адамнан жырақ өмір сүру мүмкін емес. Жақының да, жатың да – адам баласы. Мейлі, ол сатқындық жасасын, жамандыққа итермелесін, кешіре біл. Кемшіліксіз пенде болмайды. Бәрі де қателікке ұрынады. 

Орман өртенсе көзге көрінеді, ал адам жанының өртенгені іште қалады. Әр адамның қиындығы тек өзіне ауыр. Өртті отпен сөндіре алмағандай, ашуды ашумен жеңе алмайсың. Тек сабырлықпен жеңе аласың. Күте білуді үйрен. Батқан күннің артынан сәулелі күн шығатынын ұмытпа. 

Неге біреуді жек көруге болмайтынын білесің бе? Себебі, жек көру – өз жүрегіңе жүк болады. Біреуді жек көрсең, сол жағымсыз сезімді күнде өзіңмен бірге арқалап жүресің. Жек көру көзіңді көлегейлеп тастайды да, айналаның әсемдігін байқатпайды. Жек көрген адамыңды кешіруге тырыссаң, сәл де болса жеңілдеп қалғаныңды сезінесің. Бес күндік ғұмырды әлдекімді жек көрумен өткізуге болмайды, ол тым қысқа...

Сәт сайын ұшырасқан дүниенің барлығы махаббаттың түбінде бәрін жеңіп шығатынына сендіреді. Күніге, қайта-қайта, үздіксіз. Фильмдер, әндер, кітаптар, адамдар, хаттар, қоңыраулар... Айналаңа махаббат көзімен қарауды үйрен. Жүрекпен сүй. Шынайы бол. Ықыласпен жаса. Түбінде махаббаттың жеңіп шығатынына сен.

Ж. Жұмағұлов