- Негізгі бет
- Жаднама
- Үйде отырып жұмыс...
Үйде отырып жұмыс істеудің артықшылығы мен кемшілігі
Кішкентай балаларын тәрбиелеп отырған ана үшін отбасылық бюджетті толықтырудың жалғыз шешімі — үйде отырып жұмыс істеу. Мұндай жұмыстың артықшылықтары мен кемшіліктері бар және барлығына бірдей ыңғайлы болмайды. Қазіргі кезде компьютер мен интернет бағдарламалау, тауар сипаттамасын жазу және басқалардың грамматикалық қателіктерін тексеру сияқты түрлі әдіспен ақша табу жолдары ұсынылады.
Үйден шықпай-ақ ерлер де, әйелдер де жұмыс істей береді. Көп жағдайда ерлер ақпараттық технологиялар саласындағы маман болса, кеңседе немесе үйде жұмыс істеуі қалауына байланысты болады. Кей жағдайда жұмыстың осы екі түрін үйлестіреді: бірнеше сағатын кеңседе өткізіп, қалған уақытында үйден жұмыс істеп немесе аптасына 2-3 күн кеңсеге барып, қалған күндері жұмысын үйден атқарады.
Әйелдер бала күтімі бойынша демалысқа шыққан уақытында отбасылық бюджетін толтыру әдісін іздеп, үйден жұмыс жасауды ойлайды. Кей жағдайда тек қаражат үшін емес, өзінің кәсіби деңгейін жоғалтпау үшін және жаңа мамандық игеру үшін де компьютер алдында отырып, жұмыс істеуді жөн көретіндер болады.
Үйден жұмыс істеудің артықшылықтары:
– Жұмысқа жиналып және жетіп үлгеру үшін ерте тұрудың қажеті жоқ;
– Уақыт және көлік шығынына (әсіресе, қалалық жерлерде) ақша үнемдейсіз;
– Бір апта бойы демалыссыз жұмыс істеп, келесі аптада демалуға бір жерге барып қайтуға болады;
– Балалар әрқашан өз қарауыңызда жүреді. Егер олар балабақшаға барса, оларды алып кетуге уақытыңыз болады;
– Жалпы міндеттік шаралар жоқ және сізге ұнамайтын адамдармен бірге жұмыс істеуге мәжбүр болмайсыз;
– Бастығыңыз сізден уақытында орындалатын жұмыстан басқа ештеңе сұрамайды. Мысалы, 8 сағат міндетті түрде жұмыста отыруыңызды немесе біреуге көмектесуіңізді талап етпейді;
– Егер тамағыңыз ауырып қалса немесе бетіңізге аллергия шығып кетсе, үйден жұмыс істей бересіз.
Үйден жұмыс істеудің кемшіліктері:
– Өзіңізді әріптестеріңізбен салыстыруға мүмкіндік жоқ. Соның себебінен, кәсіби деңгейіңізді бағалау қиынға түседі. Әріптестеріңізден немесе басшылықтан жаңа әдістер мен идеяларды үйренуге мүмкіндік болмайды;
– Үй кеңсесі — жас мансапқорларға арналған жұмыс емес. Үйде өзіңіздің ұйымдастырушылық қасиетіңізді, идеяларды түрлендіру қабілетіңізді және топпен жұмыс істей алатыныңызды көрсете алмайсыз;
– Қиын мәселені қызметкерлермен бірге ақылдасып, жылдам шеше салатын мүмкіндігіңіз болмайды;
– Көңіл-күймен емес, уақытылы жұмыс істеуге өзіңізді мәжбүрлеу қиынға түседі;
– Сыртқы келбетіңізге күтім жасауды доғаруыңыз мүмкін;
– Үй жиналмаған және тамақ дайындалмаған болса, отбасылық қатынастың бұзылу қаупі бар;
– Маңызды мәселені шешу үшін алаңсыз ойлану қажет. Алайда жаныңызда кішкентай балаңыз сізге әңгімесін айтып тұрса, тек жұмысқа зейін қою қиынға түседі. Егер үйіңізде адам саны көп болса, үйден жұмыс істеу қиынға соғатынын ұмытпаңыз.
Сіз үшін қайда жұмыс істеу ыңғайлы екенін түсіну үшін түрлі әдісті байқап көру керек. Мысалы, алдымен әріптестермен жұмыс істеп, содан соң отбасыда дүниеге бала келген соң, үйден жасап көріңіз. Балалар өскен соң, қайда жұмыс істейтініңізді өзіңіз еркін таңдай аласыз.
Ал сіз жұмыс жасаудың қай түрін таңдар едіңіз?
А. Жапатова