Әріптестер арасындағы достық ережесі

Әріптестер арасындағы достық ережесі

Жұмыс деген – ең бірінші адамның бір тәулігінің жартысынан астам бөлігі өтетін орын. Және әріптестеріңізбен арадағы қатынастан жұмысыңыздың жағымдылығы я жағымсыздығы анықталады. Сондай-ақ, жұмыстағы достықтың өз ерекшеліктері бар. Қандай? Бүгінгі әңгіме осы туралы...

Ұйымшыл ұжым – бүкіл компания сәттілігінің кепілі. Сол себептен, үлкен компания басшылары қызметкерлер арасындағы қатынасты жақсарту үшін әртүрлі шаралар, демалыстар ұйымдастырып тұрады. Бұл жерде бір жәйтті анықтап алу керек, әріптестермен дос болу және олармен жақсы қарым-қатынаста болу деген бір нәрсе емес.

Біреулер жұмыста достықтың болуы мүмкін емес, тіпті, қажет емес деп ойлайды. Екіншілері, кеңседе достық ауадай қажет, таңнан кешке дейін жаныңа жақын адамның бірі жүрмесе, жақсы жұмыс істей алмайсың дегенді айтады.

Қалай болғанда да, бірге жұмыс істейтін айырылмас достардың өзі кеңсе табалдырығын аттағанда шекараны біліп, тыйылу керектігін білуге тиіс.

Менің тілім – менің дұшпаным

Әйелдер көп дос болатын өсек, сөзқұмарлық қасиет оңдырмай аяқтан шалуы мүмкін. Мәселен, бір әріптесіңізге жеке өміріңізге қатысты сырыңызды айттыңыз. Ал ол сізді шеттету үшін ақпараттарды басқа жерде қолданады. Осындай қиындықтардан аулақ болу үшін тілді тұсаулай білген дұрыс. Өзімді мүлде құпия ұстаймын деген мақсатпен тіс жармай жүрсеңіз, сізден күдіктеніп немесе жылы қабақ танытпауы да ғажап емес. Бар болғаны кімге, қай жерде, қандай сыр айтуды сараптап алған жөн. Өсек ешкімге де абырой әкелмеген. "Ешкімге айтпа" деген сырыңызды ертесіне бүкіл кеңсе біледі. Оған қоса, ауызекі әңгімелер бір адамнан екінші адамға асыра сілтеніп жеткізілетінін жақсы білесіз. 

Досым – бәсекелесім

Жұмыстағы бәсекелестік – достықтың беріктігін тексерудің ең жақсы жолы. Сіз және досыңыз бір орынға таласқанда керметтей көрінген қарым-қатынастың күл-талқаны шығады. Міне, осы жерден "артық ештеңе емес – тек қана бизнес" деген ұстаным шығады. Әркім өзі үшін тырмыса бастайды: басшылық алдында жақсы көріну, өзіңнің жақсы тұстарыңды көрсету, қарсыластың кемшіліктерін ашу. Осындай жағдайда "жақсы" деп ат тағылып жүрген достың бетпердесі шешіледі.

Бұл жерде ашықтық көмектеседі. Досыңызбен бәрін нақты талқылаңыз. Бәсекелестікті де спорт секілді қабылдау керек. Одан достық жапа шекпейді. Егер, ол бәсекені шын қабылдап, неден болса да тайынбаса, бәрін де тоқтатыңыз.

Менің досым – менің бастығым

Бастықпен арадаға достықты қызметке араластырмаңыз. Кеңсе сыртында ойыңызға келгенді жасауға рұқсат бар. Алайда, кеңсеге аяқ басқанда жеке өмірді сыртта қалдыру керек. Бастығыңызға әдеттегідей сөйлеп, әдеттегідей ойнап-күлетін болсаңыз, басқа әріптестер сізді жақтыртпауы мүмкін немесе бастығыңыздың абыройы түседі. Елестетіңізші, әрбір қызметкердің көңілін тауып жүретін бастықтың не қадірі бар? Дегенмен, нағыз достардың арасына қызмет кедергі бола алмайды.

Ал сіздің әріптес-досыңыз бар ма?

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: forbes.ru