Жаздың соңғы күндері

Жаздың соңғы күндері

Тура бес күннен кейін жадыраған жаз маусымы, онымен бірге жазғы ойын-күлкі, демалыс кезеңі аяқталады. Жаңа оқу жылы, жұмыс қарқыны көбейетін кезең басталады. Жазда тым көп жұмыс істеп, қосымша оқып, демалып үлгермеген болсаңыз, осы кезді қалт жібермей, жаздың соңғы күндерін ұмытылмастай қылыңыз.

Жаз бойы жұмыс пен шаруалардан босамай, демала алмаған адам айналдырған бес күнде не бітіре алады деп ойлайсыз ба? Бірақ бар мәселе ниетте. Қаласаңыз, осы бес күнді қыс бойы "жаздағы демалысым" деп еске алып отыруға болады. 

Сонымен, жаздың соңғы күндерін қызықты өткізу жолдарымен таныс болыңыздар.

1. Әрине, жазда демалыс сапары болуы керек. Алыс шет елдерге емес, қалаңыздың маңындағы таулар, ормандарға да баруға болады. Бастысы бір (мүмкін бірнеше) күнді сапарыңызға арнап, қасыңызға жолсерік алыңыз. Ауа-райы әлі де ыстық, сондықтан жаз бітпегенше табиғат аясына серуендеп келу – жаздың соңғы күндерін өткізудің ең дұрыс жолы.

2. Жазғы фотосессия. Қазірде әр арудың жылдың осындай керемет маусымында түскен суреттері болуы керек. Жылы күндерді жібермей, құрбыңызбен бірге қаланың саябақтарына барып, бірнеше сағатты осы іске арнаңыз. Өзіңіз демалып, естелікке суреттер қалады. Әлеуметтік желілерде аватарыңызды да жаңартып аласыз.

3. Бала кезде әткеншектер саябағына бару жаздың міндетті істерінің бірі еді. Қазір де кеш емес. Саябаққа үйдегі кішкентайлармен не достарыңызбен барыңыз. Әткеншектер теуіп, адреналин сезіп, тәтті мақта, балмұздақ жеп, көңілді суреттерге түсіп қайтыңыз. Жылдың суық мезгілінде мұндай мүмкіндік болмайтынын ескерсек, жаз бітпей тұрып саябаққа барып келу керек екендігі түсінікті-ақ.

4. Пикник жазды шығарып салудың жақсы жолы. Әлі де жылы болғандықтан саябаққа, тау бөктеріне шығып, дастархан жайып, үйден даярлаған тағамдарды жеп, тіпті кәуап жасауға болады. Тума-туыспен не достарыңызбен барсаңыз да, уақытты бірдей көңілді өткізесіз. 

5. Жаз аяғындағы дүкендердегі жеңілдіктер киімге құмар әр жан үшін қуантарлық жәйт. Бұл кезде жазғы киім, аяқ киім топтамаларын арзан бағамен алуға болады. Әлі де жылы болатын жерлерде тұрсаңыз, ол киімдерді киіп үлгересіздер, керісінше жағдайда келесі жылға дейін қалдыруға болады.

6. Жаздың соңғы күндерінде түске дейін ұйықтауды қойып, ерте оянуды тәртіпке айналдыру керек. Ол үшін мысалы таңғы жаттығуларды жасап немесе таңмен жүгіруді әдет қылыңыз. Жылы күндері жүгіру жеңілірек болады. Ал күн ерте шығатындықтан ерте ояну да қиын болмайды. Бір сағатқа ерте оянып, денсаулығыңыз бен күн тәртібіне пайдалы болатын істі әдетке айналдырыңыз. 

7. Келер күз өзгеріс пен даму кезеңі болсын десеңіз, қазірден бастап бұрыннан бара алмай жүрген сабақтарға жазылыңыз. Ол мамандығыңыз бойынша не қызығушылықтарыңызға байланысты болуы мүмкін. Шет тілдері, экзотикалық би түрлері, көлік жүргізу... Қандай сабақтар болса да, болашақта сізге пайдасы тиері анық. 

Жаздың аяқталуына бес-ақ күн қалды. Бұл бес күн бойы "демалып та үлгермедім" деп күрсінгенше, жазды жайдары көңілмен шығарып салайық.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: wordpress.com

С. А