- Негізгі бет
- LifeStyle
- Не үшін жақыныңа...
Не үшін жақыныңа пышақ сыйлауға болмайды? Этнограф жауап берді
Пышақ қажетті, алайда қауіпті затқа жатады. Сондықтан онымен ойнауға немесе оны ауызға салуға болмайды. Себебі онымен байқамай бір жеріңізді кесіп алуыңыз мүмкін. Сол секілді оны біреуге бергенде де сақтық шарасын сақтап, ұшын өзіңізге, сабын оған қаратып ұсыну қажет. Пышаққа қатысты ырым-тыйымдар көп. Мысалы, оны жақыныңызға сыйлауға болмайды деп жатады. Қазақ не үшін бір-біріне пышақ сыйламаған және пышақпен қатысты басқа қандай ырымдар бар? Massaget.kz тілшісіне этнограф Болат Бопайұлы жауап берді.
Болат Бопайұлы бұрын пышақты екі адам бір-бірімен ұрысып қалады деп сыйламайтын болғанын айтты.
"Иә, қазақ бұрын пышақты, оны қайрайтын қайрақты сыйламаған және оны қолдан қолға бермеген. Пышақты дастарханның, сырмақтың үстіне қояды. Керек болса, қажет болған адам оны өзі алады. Өйткені "қырық пышақ" болып ұрысып қалады және аралары суып кетеді деп ырымдаған", - деді этнограф.
Сондай-ақ маман баяғыда қыз жасауына пышақ пен қазан салмайтын болғанын айта кетті.
А. Жапатова"Бұрын қыз жасауына қоржынға пышақ және қазан салмаған. Пышақ салмайтын себебі - бұрынғы заманда алыс-алыс жерлерден қызды түйеге қоржын салып, ұзатқан. Қоржын түйеге оратылады, сол себепті қауіпсіздік шарасы ретінде оның ішіне пышақ салмаған. Ал екіншіден, жоғарыда айтылғандай, пышақ құдалардың бір-бірімен "пышақтасып", ұрысып қалуына әкеледі деп ырымдаған. Білместіктен пышақ салып жіберген кезде ақша беріп, мал беріп қайтарып алатын жағдайлар болған. Ал қоржынға қазан салмайтын себебі - қазан үйдің құты. Үйдің құты кетіп қалады деп ырымдаған. Бұл қазақта ежелден қалыптасқан наным-сенімге байланысты көне ырымдар", - деді этнограф.