- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Тұрмысқа шығуға рұқсат...
"Тұрмысқа шығуға рұқсат бермедім". Белгілі актриса 13 жыл көрмеген қызымен кездесті
Белгілі кино және театр актрисасы Гүлжамал Қазақбаева шетелде тұратын қызымен 13 жылдан соң "Алғашқы" бағдарламасында кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бір жыл рұқсат бермедім"
Актрисаның айтуынша, шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуға қызына бір жыл рұқсат бермеген.
"Өмірде қоштасқым келмейтін адам қызым деп айтар едім. Қызым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің араб факультетін өте жақсы тәмамдады. Үздік студент болғаны үшін бір жылға тілдік тәжірибеге араб еліне жіберді. Сол жақтан бір жігіт қызымның артынан қолын сұрап келді. Бір жылдай рұқсат бермедім. Сөйтіп, бүкіл туысқандарды шақырып, "қыздың бағын байламайық" деп рұқсат бердік", - деді Гүлжамал Қазақбаева.
Өнер иесінің балаларының ішінде ешқайсысы өнер жолын таңдамаған.
"Бастапқыда қызымды қатты сағынатынмын, қиналатынмын. Қызым шақырғанымен жол түспеді. Кейін пандемия болды. Сонымен, жүздесе алмадық. Кейін алған келінім қызымнан бірде бір кем болған жоқ. Сағынышым сәл де болса сейілді. Қызымды көрмегеніме он жылдан асты. Сағынышты сезіну де сондай ғажап", - деді ол.
"Жүгі ауыр киноға түскім келеді"
Ал актрисаның қызы Ләззат Әуезова қазіргі таңда жолдасымен, балаларымен бірге шетелде тұрады.
"Кішкентай кезімде әкеміз өмірден өткен соң анамыз Алматыға жұмысқа кетті. Ал біз апамыздың қолында қалдық. Сонда анамды қатты сағынатынмын. Сол кездегі кішкентай сағынышым қазір одан сайын үлкейді. Қатты қуанып тұрмын", - деді ол.
Гүлжамал Қазақбаева тариха аты қалатындай киноға түскісі келетінін айтты.
"Шынымды айтсам, біраз фильмге түстім. Бірақ әзірге өз рөлімді ойнаған жоқ сияқтымын. Қазіргі заманда киноға сұранып тұрған небір тағдырлар бар. Сондай бір жүгі ауыр киноға түскім келеді. Осы уақытқа дейін түскен кино, сериалдарыма ризамын. Бірақ Әмина Өмірзақова апалар екі фильммен тарихта қалды. ЮНЕСКО-ның тізіміне енді. Бұл атаққұмарлық емес. Өмірге келген соң артыңда із қалғанға не жетсін?! Сондай бір ізім қалса деп армандаймын", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін актриса Мереке Қалбаеваның жеке өмірі туралы айтқаны жарияланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Балдыз қалың деген не?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы