Қазір әлеуметтік желіге салған кез келген ролигіңіз ойламаған жерден таралып кетуі мүмкін. Солардың бірі - тойда түсірілген үзінді видеолар. Ол қонақтардың билеп немесе ойынға қатысып жатқан кезі болуы мүмкін. Бұлай қонақтарды видеоға түсіру және тарату қаншалықты заңды? Бұл сұраққа заңгер Думан Көпбаев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заңгер Думан Көпбаевтың айтуынша, ҚР Азаматтық кодексiнің 145-бабында быйлай жазылған:
1. Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) - бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi.
Думан Көпбаев басқа адамның видеосын оның келісімінсіз қолдану заңсыз екенін айтты.
"Яғни бұл норма адамдарды олардың келісімінсіз түсіруге болмайды деп емес, ол тек адамдардың суреттерін немесе видеоларын олардың келісімінсіз қолдануға болмайды деп айтады. Мысалы, видеоны адамның келісімінсіз желіге салуға, басып шығаруға және көпшіліктің назарына ұсынуға болмайды", - деп түсіндірді заңгер.
Мұндай видеоларды әлеуметтік желіге той қонақтары ғана емес, асабалар да салады. Олар әдетте өз ойындарына қатысқан қонақтардың видеосын парақшасына салып, өзін жарнамалайды. Заңгер егер асаба парақшасынан өзіңіздің видеоңызды көрсеңіз және ол сізден рұқсат алмаған болса, оны сотқа бере алатыныңызды айтты.
"Асабаларға біреудің видеосын әлеуметтік желілерге салуына мүлдем болмайды. Егер ол сіздің рұқсатыңызсыз видеоны жариялап жіберсе, бұл жағдайда не істей аласыз? Мұндай азамат сот арқылы өз құқықтарын қорғай алады. Ол сотқа шағымданады және сотта асабаның әрекеті заңсыз болып саналады. Себебі ол біреудің видеосын салу арқылы өзінің атын шығарып жүр, ол одан белгілі бір клиенттер жинайды және пайда тауып жүр. Ол видеоны жариялау үшін сол адамдардың рұқсатын алу керек немесе келісімін алып, оларға ақшалай төлеу керек. Бұл тек асабаларға емес, барлық адамдарға қатысты", - дейді ол.
Кей той иелері қонақтардан тойды сурет немесе видеоға түсірмеуін сұрап жатады.
"Той иелері тойды суретке немесе видеоға түсірмеңіздер деп тыйым сала алмайды, тек әрі қарай оны қолдануға тыйым сала алады", - деді заңгер Думан Көпбаев.
Еске салайық, бұған дейін Желіде тойдағы келеңсіз ойын қызу талқыға түскенін жазған болатынбыз.