Қазіргі кезде кеш сөйлейтін бала саны көп. Кекеш, 2-3 жастан асса да таза сөйлей алмайтын не физиологиялық, психикалық ауытқулары бар балалар қоғамды ерекше алаңдатып отыр. Баланың кеш сөйлеуіне не себеп болатынын және қалай оның алдын алу керегін Massaget.kz тілшісіне "Планета речи" коррекциялық орталығының маманы Әйгерім Ерланқызы түсіндірді.
"Планета речи" мамандарының мәліметінше, соңғы бірнеше жылда сөйлеу қабілетінде бұзылысы бар бала саны шынымен де артқан. Оған қоса, баланың түсінігі, өзін-өзін ұстауы бұзылған психологиялық бұзылыстар да жиі кездеседі.
Диагноз дамуының маңызды себептері?
Әйгерім Ерланқызы бірінші кезекте диагноз дамуының себептерін түсіндірді.
"Балада ПДК дамуының себебі көп. Бірінші кезекте, генетика. Негізі оның барлығы белгілі бір генетикалық себептердің салдарынан болуы мүмкін, бірақ нақты дәлелденген себеп жоқ. Ғалымдар аурудың даму себебін әлі де зерттеп жатыр. Сондай-ақ, экология да қазіргі кезде үлкен әсер тигізіп отыр, өйткені бала жетіспеушілікпен туылады, анемия, фериттин, әртүрлі гормондар, инфекция, вирустың бәрі әсер етеді және соңғысы ата-ананың балаға немқұрайлы қарауы. Қазір ата-аналар перзентінің жанында да ұялы телефонмен отырады, бала бір орыннан қозғалмайды, өзі ізденіп, қимылдағысы келмейді, тіпті кейде теледидардың алдында бірнеше сағат бойы отыра береді", - дейді ол.
Қалай алдын алуға болады?
Балада психикалық даму кешігуінің алдын алуға болады. Алайда оны әйел жүкті кезінен бастау керек, жүктілікті жоспарлаған сәттен, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, ағзадағы жетіспеушіліктерді толтырған жөн. Бұл ата-ана өз тарапынан жасай алатын, қолынан келетін іс-әрекеттер.
"Бала туғаннан кейін, баланың өмір сүруіне тәжірибе беруге тырысу керек, медицинада біз оны "сенсорлық тәжірибе" деп атаймыз. Баланы түрлі қимыл-қозғалысқа дағдыландыру, секіру, бір аяқпен тұру, өзінің денесін сезінуге көмектесу, допты ұстап, лақтыру, осылай оның қозғалысына көп көңіл бөлу керек. Бала әртүрлі заттарды қолымен ұстап, аузына салып көруіне кедергі келтірмеу. Бала уақытылы массаж алуы керек, оны қысып құшақтау, сүю, міне осындай кішкентай іс-әрекеттің өзі аурудың алдын алуға көмектеседі. Баланың көзіне қарап не істеу керегін айту. Қазіргі балалар тіпті "қоқысты таста" деген ұқпайды, осындай заттарды ата-ана балаға ертерек үйрете беруі керек. Сонымен қатар, ата-ананың бірі үй жұмыстарын істеп жатқан кезде, бала жанында соны көріп отырып, қызығушылық танытқаны дұрыс. Бұл тәрбие берудің бір бөлігі. Баланы қатты аяп, оған жан ашып қараудың қажеті жоқ, бала шымыр болуы өскені жөн", - деп түсіндірді Әйгерім Ерланқызы.
Маман баланың дамуында бұзылыс болып жатқанын туылған кезінен бастап байқауға болатынын айтты.
"Балада туа біткен рефлекс болады, ол рефлекстердің пайда болу және жойылу уақыты болады. Осы кезеңнің барлығын бала өтуі керек, яғни бала анасын көрген кезде күлімдеп, анасының көзіне қарап, қозғалуға тырысуы керек. Анасы кетіп бара жатқан кезінде басын айналдырып анасының іс-қимылын көзімен бақылауы қажет. Ал есейген кезде дер кезінде еңбектену, отыру, тұру, жағалап жүру, жүру секілді қимыл дағдыларын уақытылы істеуі керек. Ата-ана осы кезеңдердің, мысалы дер кезінде гуілдеп, былдыр сөздерінің пайда болуы уақытылы болуын қадағалау керек. Баланың ең алғашқы қадамын жасауы мен сөзі тұспа-тұс келуі керек, мұны бір жастан бастап бағалауға болады. Онымен қоймай, бір жасында "бер" деген ымы пайда болуы шарт. Ол өзінің отбасы мүшелерін бөтен адамдардан ажырата білуі керек, жатырқағаны дұрыс", - деді маман.
Коррекция процесі өзінің атына және көзге тіке қарамайтын, ғимарат ішінде тоқтаусыз жүгіріп, өзін-өзі ұстай алмайтын, белгілі бір затқа кем дегенде 1-2 секунд шоғырлана алмайтын, жағдайы тым нашар кейбір балалар үшін өте ұзақ болады.
"Егер терең сөйлеуді түзету керек болса, 1-2 жылдан 6 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл баланың әлеуетіне байланысты. Мысалы, баланың жағдайы орташа болып, баламен ата-ана үйде, мамандар сыртта жұмыс жүргізетін болса, ол тез айығады.
Балаға аутизм, неврологиялық себептерге байланысты бұзылыс синдромы қойылғын болса, ол балалар өкінішке қарай толық сауығып кете алмайды, себебі біз оның ДНҚ-сын өзгерте алмаймыз. Мұндай балаларды өмір сүруге бейімдеу қажет, олар осылай ғана өмір сүре алады", - деп жауап берді маман.
Әйгерім Ерланқызы бала толық коррекциядан өтіп, қалыпты бала секілді өмір сүреді деген кепілдікті бере алмайтынын жеткізді. Өйткені мұндай бұзылыстардың басты себебін ешкім білмейді. Ол балаға, мамандарға, ата-анаға байланысты.
"Ал кекеш, сөйлемдерді толық айтпайтын, буындардың орнын ауыстырып сөйлейтін, сөйлемді толық айтпайтын, буынға тілі келмейтін сөйлеу бұзылысының жеңіл түрі бар балаларды түзетуге болады. Бірақ мұндай балалардың ерекшелігі бәрібір де байқалып тұрады", - деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, бұған дейін "Сыртқа шығып, жылап алдым". Баласының диагнозы туралы тым кеш білген ананың жанайқайы туралы хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жер сілкінісінен үй қирап қалса, кім жөндеп береді?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!