АҚШ Тоқаевтың реформаларын толық қолдайды - мемхатшы орынбасары

АҚШ Тоқаевтың реформаларын толық қолдайды - мемхатшы орынбасары
Фото: СІМ

Америка Құрама Штаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жаңғыру және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі реформаларын толық қолдайды, сондай-ақ 5 маусымда өткен референдумды осы реформаларды іске асырудағы кезекті қадам ретінде бағалайды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысының Азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея мәлімдеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

"Біз Қазақстанға мемлекеттік басқару жүйесін демократияландырудың, ашық және халық үніне құлақ асатын институттар құрудың, сондай-ақ дербес азаматтық қоғаммен бірлесіп адам құқықтарын қорғау саласын күшейтудің күрделі жолында әрдайым көмектесуге дайынбыз", - делінген Узра Зея Қазақстан Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханға жолдаған хатында.

Құжатта АҚШ бейбіт, тұрақты, өркендеген және демократиялық Қазақстанды құптайтыны туралы да айтылған. Демократиялық, жауапты және есеп беретін мемлекеттік басқару жолындағы еліміздің нақты жетістіктерін талқылау жөніндегі диалогты жалғастыруға үміт білдірілді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Узра Зея 2022 жылдың көктемінде Қазақстанға келіп, 11 сәуірде Нұр-Сұлтанда Қазақстан Президентінің арнайы өкілі Ержан Қазыханмен Адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың алғашқы отырысына қатысып, төрағалық еткен болатын.

Д. Шәріпхан