Instagram лайктарды жасыруды бастады

Instagram лайктарды жасыруды бастады
Фото: Newstorion.com

Instagram әлеуметтік желісі ресми түрде фото мен видеоларға қойылған лайктарды жасыру туралы жаңа функцияны тестілік режимде іске қосты.

Компания ақпараты бойынша, осындай жол арқылы қолданушылардың назарын негізгі контентке аудармақ. Себебі біреудің лайк саны біреудің көңіл-күйін бұзуы мүмкін. Бұл бәсекелестік психологиялық ауытқуға шалдықтырып та жатыр. Мұның әсерінен балалардың ой-санасы да улануда. Мұны ескерген компания өкілдері бұдан шығар жол таппақ.

- Біз сіздер салған фото мен видеоға достарыңыз лайк үшін ғана емес, ерекшелігі үшін назар салып қараса дейміз. Қазір Аустралия, Бразилия, Канада, Ирландия, Италия, Жапония және Жаңа Зеландия елдерінде осы функцияны іске қостық. Мұнда біраз адамдар арасында тестілік режимде жүруде. «Ұнайды» белгісі мен видеолардың көрілім саны өзгелерге көрінбейді, - дейді компания хабарламасында.

Instagram лайк дегенді түбегейлі алып тастамайды. Жазбасына қойылған лайктарды қолданушының өзі ғана көре алады. Өзгелер көре алмайды. Бұл желі құрастырушылары үшін қаншалықты тиімді? Олар лайктарды жасыру арқылы ессіз бәсекелестіктердің алдын алмақ. Есесіне сапалы контенттер көбейеді деп болжауда. 

Осыған дейін Instagram-да осындай функция қосылатыны жайлы мобилді бағдарламаларды жасаушы гонконгтік Джейн Манчун Вонг twitter желісінде жазған болатын.

Н. Үсенова