Instagram желісіндегі лайк алынып тастала ма?

Instagram желісіндегі лайк алынып тастала ма?
Фото: popmech.ru

Instagram әлеуметтік желісіндегі бәсекенің бірі - лайк саны. Оны жинау үшін кім не істемей жатыр? Біреу ақшасын шығындап сатып алып жатса, енді біреулер хайп қууда. Тіпті біреулер "атың шықпаса жер өрте" дегенге басқан.

Әлеуметтік желілердің пайдасы да бар, зияны да жетерлік. Ақылмен пайдаланған жанға табыстың көзі де. Ал жөн-жосықсыз қызық қарау - уақыттың соры. Одан қала берді көзге де зиян.

Instagram желісіндегі адамдардың беделі парақшасына жазылған тіркелушілер саны және жинаған лайктарына қарай өлшенетін заман болып тұр. Біреудің лайк саны біреудің көңіл-күйін бұзуы да мүмкін. Бұл бәсекелестік психологиялық ауытқуға шалдықтырып та жатыр. Соның әсерінен балалардың ой-санасы да улануда. (Балаңызды әлеуметтік желіге қанша уақыт кіретініне, не қарайтынына баса мән беріңіз).

Жуырда мобилді бағдарламаларды жасаушы гонконгтік Джейн Манчун Вонг twitter желісінде өзі тапқан тың жаңалығымен бөлісті. Instagram желісінің жаңарған нұсқасында құрастырушылар лайк санын алып тастауы мүмкін. Лайк дегенді түбегейлі алып тастамайды. Жазбасына қойылған лайктарды қолданушының өзі ғана көре алады. Өзгелер көре алмайды. Жұмбақ болып қалады. Бұл желі құрастырушылары үшін қаншалықты тиімді екен? Олардың ойы лайктарды жасыру - ессіз бәсекелестіктердің алдын алады. Есесіне сапалы контенттер көбейеді деп болжайтын көрінеді.

Джейн Манчун Вонг бағдарламаның жаңарған нұсқасы дизайнынан осы байқап қалған. Тіпті скриншот та жасап алған. Желі құрастырушылары да бұл ақпаратты жоққа шығармаған.

Осыған дейін әлеуметтік желі құрастырушылары жалған лайк жинаушылармен күресті бастағанын хабарлаған болатын. Өзге бағдарламалар көмегімен күш жиған ондай аккаунттар қара тізімге енгізілуде. Сондай-ақ компания өкілдері қандай да бір бағдарлама арқылы лайк санын арттырғандарға ескерту де жасауда. Себебі олардың парақшаларына қауіп артады. Мұндайда тезірек құпиясөзді ауыстыруға кеңес береді.

Ал сіз Instagram желісінде өзіңіздің және өзгенің лайктар саны жасырын болғанын қолдайсыз ба?

Ө. Сансызбай