Алаяқтар iPhone 6 смартфонын «6s» деп сатып жатыр

Алаяқтар iPhone 6 смартфонын «6s» деп сатып жатыр
Фото: www.youtube.com

Бұл жылы Apple жаңа смартфонының сыртқы пішініне өзгеріс енгізген жоқ. iPhone 6s жоспарлы түрде тек қуатты процессормен, 3D Touch технологиясы және сапалы камерамен ерекшеленді. Осы ерекшелігін алаяқтар өз пайдасына асырып отыр.

Жаңа iPhone смартфондары ресми түрде сатылымға шықпас бұрын, Азия нарығында оның көшірмелері пайда болатыны белгілі. Осының нәтижесінде жыл сайын Apple Азия нарығындағы табысының көп бөлігінен шет қалады. Дегенмен қазір адамдар көшірме жасаушылардың қулығы туралы жақсы біледі. «Алма» брендін жамылған арзан Android смартфондарын нағыз өнімнен ажырата алады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, iPhone 6 мен Iphone 6s смартфондарының сыртқы пішіні бірдей. Оларды аппараттардың техникалық мүмкіндіктерін жақсы білетін азаматтар ғана ажырата алады. Қысқа уақытта қомақты табысқа жеткісі келген адамдар iPhone 6 смартфонының корпусын қызыл түске бояп, нарықта «iPhone 6s» моделі деп сатып жатыр.

GSMDome ғаламтор ресурсының мәліметіне сүйенсек, Қытайдағы өндірістік цехтер iPhone бөлшектерін 9 қыркүйектен бастап дайындап жатыр. Ал көшедегі саудагерлер тоққызыл аппараттарды қораптарға салып, iPhone 6s таңбасымен сатуға шығарған. Мұндай көшірме iPhone-дар әсіресе Сингапур мен Вьетнамда көбейген.

Ж. Өрісбай