Apple бес күнде 10 миллион жаңа iPhone-ға тапсырыс алды

Apple бес күнде 10 миллион жаңа iPhone-ға тапсырыс алды
Фото: breakingnews.tk

Apple компаниясы iPhone 6s пен iPhone 6s Plus смартфондарына алдын ала жасалып жатқан тапсырыстар саны 10 миллион данаға жеткенін растады. Бұл туралы америкалық CNBC телеарнасы хабарлады.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, iPhone 6s смартфонының 5,5 дюймді моделіне деген сұраныс аса жоғары. Ресми түрде берілген ақпаратқа орай, аталған модельдің алғашқы топтамасы әлдеқашан таусылған.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы iPhone 6 мен iPhone 6 Plus смартфондарына алғашқы 24 сағатта 4 миллион тапсырыс қабылданған болатын. Ал үш күнде бұл көрсеткіш 10 миллион данадан асып кетті. Биылғы Apple сатылымы жаңа рекорд орната алмағанымен, тапсырыстар көрсеткіші төмен емес.

BTIG Research сарапшылардың мәліметіне орай, Apple желтоқсан айының алғашқы жексенбісіне дейін 80 миллион дана смартфон сата алады. Өткен жылы бұл сандық көрсеткіш 74 миллион дананы құраған.

Ж. Өрісбай