Apple бүгін жаңа iPhone 6s смартфонын таныстырады

Apple бүгін жаңа iPhone 6s смартфонын таныстырады
Фото: i-androidym.ru

Көптен күткен Apple гаджеті бүгін Астана уақыты бойынша кешкі сағат 23:00-де таныстырылады. Apple корпорациясының жыл сайынғы іс-шарасы Сан-Франциско қаласындағы Bill Graham Civic Auditorium ғимаратында өтпек. Айта кетсек, аталған ғимаратта 1977 жылы Стив Джобс пен Стив Возняк Apple ІІ өнімін таныстырған еді.

Купертинолық компанияның бүгінгі таныстырылатын гаджеттері қатарында смартфондардан бөлек Apple TV телекөрсетілімінің жаңартылған нұсқасы мен 13 дюймді iPad Pro планшеті де көпке көрсетілмек. Аталған кештің басты аппараттары iPhone 6s пен iPhone 6s Plus болғандықтан, әлемнің беделді БАҚ өкілдері жаңа гаджеттер туралы алдын ала нақты мәлімет беруге тырысуда. Дегенмен компания басшылары алдын ала ақпарат беруге дағдыланбаған. Сонда да, инсайдерлердің мәліметіне орай, жаңа Apple смартфондары iOS 9 операциялық жүйесімен жабдықталып, камера мен экран сапасы жақсартылған.

Америкалық компанияның нарыққа шығып үлгерген iPhone 6 мен iPhone 6 Plus смартфондары соңғы 9 айда компанияға 183 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс әкеліп, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Ал бүгінгі ресми таныстыруды Apple-дің ресми сайтынан тамашалай аласыздар.

Айта кетсек, оңтүстіккореялық Samsung компаниясы Apple өнімдеріне бақталастық тудыру үшін биыл тамыз айында Galaxy Note 5 пен Galaxy S6 Edge Plus флагманды смартфондарын нарыққа шығарды.

Ж. Өрісбай