Apple құны екі аптада $90 миллиардқа төмендеп кетті

Apple құны екі аптада $90 миллиардқа төмендеп кетті
Фото: joergengeerds.com

Биылғы 6 тамызға дейінгі Apple компаниясының нарықтағы құны 90 миллиард АҚШ долларына төмендеп кетті. Соңғы рет ең жоғары нәтиже 20 шілде күні тіркелген болатын. Ішкі дағдарыс нарықтағы гаджеттер сатылымының төмендеуінен емес, биржадағы акцияларының құнсыздануынан болып отыр. Бұл туралы АҚШ-тың CNBC телеарнасы хабарлады.

Нью-Йорк брокерлері кеше компания акцияларының 115 АҚШ долларына дейін төмендегенін хабарлады. Ал 20 шілде күні Apple өзінің екінші қаржы кварталы бойынша есеп беру кезінде бір акция құны 130,97 АҚШ долларына тең екенін мәлімдеген. Yahoo Finance ақпаратына орай, Apple корпорациясының қазіргі құны –   $656,21 миллиард. Ал 2015 жылдың ақпан айында Apple 765 миллиард АҚШ доллары көлеміне тең акцияға ие еді.

Компанияның қаржы құрылымында болуы мүмкін дағдарыстан шошыған Bank of America Merrill Lynch Apple акцияларына қойған Buy (сатып алу) статусын Neutral (нейтрал) статусына өзгертті. Бұл компания акцияларының өсу қарқыны бірден төмендегенін білдіреді. Сонымен қатар, акцияларға енді көпке дейін ұсыныстар түспейтінін дәйектейді.

Биржадағы құлдырау Apple өнімдерінің нарығына да әсер етуі ықтимал. Компания құнын тұрақты ұстап тұрған iPhone смартфонына деген сұраныс төмендейтін болса, купертинолық компанияның акциялары бұдан кейін де төмендеуі бек мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, Apple акцияларының төмендеуіне Қытай нарығы себепкер болған. Гонконг биржасының брокерлері Apple-ге қарағанда Xiaomi мен Huawei компанияларының акцияларына қызығушылық танытып жатыр.

Ж. Өрісбай