Nexus смартфонының бесінші моделін Huawei шығарады

Nexus смартфонының бесінші моделін Huawei шығарады
Фото: www.digitaltrends.com

Жыл сайын Google корпорациясы Nexus брендті атауымен смартфон шығарып келеді. IT-компанияның мобильді гаджеттерді құрастыратын концерні болмағандықтан, смартфон өндіретін компаниялармен келісімге келіп отырады. Nexus смартфонының бесінші моделінің фаблетін қытайлық Huawei компаниясы құрастырмақ. Бұл туралы Google-дің Лондондағы қызметкері хабарлады.

Есімінің құпия түрде қалуын жөн көрген қызметкер осыған дейінгі бейресми деректерді растап отыр. Ендеше Google ағымдағы жылда жаңа модельдің екі нұсқасын сатылымға шығаруды жоспарлауда. 2013 жылы Nexus 5 нұсқасын LG құрастырған болса, ал биыл оның фаблетін Huawei дайындайтын болады.

Google корпорациясы қытайлық компаниямен келісімге келу арқылы Қытай нарығына жақындауды көздеп отыр. Ғаламторда тараған ақпаратқа орай, жаңа аппарат Huawei-дің жақында таныстырылған Mate смартфонына ұқсас болуы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, ортақ келісім екі компанияға да ұтымды болып отыр. Google Азиядағы беделін арттыра алса, Huawei атауы Еуропаға таныла бастайды.

Ж. Өрісбай