- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- iPhone 6s смартфонының...
iPhone 6s смартфонының суреті пайда болды
Nowhereelse.fr француз блогы Apple компаниясының келесі смартфонының суреттерін жария етті. Болжам бойынша, суреттер iPhone өндіретін зауытта түсірілген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Суреттерден құрылғының беткі корпусын көруге болады. Соған қарағанда, смарфтонның сыртқы беті iPhone 6 Plus моделіне ұқсайды, бұл жайында Business Insider порталы "Apple-дың келесі гаджетінің дизайнға емес, техникалық сипатына назар аударылатыны" жайлы жазған болатын.
Жаңа өнімде Force Touch экран функциясы ерекшеленуі мүмкін, бұл функция қолданушының дисплейді қаншалықты күшпен басатынын анықтайды. Force Touch Apple Watch ақылды сағаттары мен MacBook тачпадында қолданылып жүр.
Nowhereelse жариялаған болжамдар жиі шындыққа айналып жүр. Мысалы, сайтта iPhone 6 смартфонының суреттері оның ресми түрде таныстырылуынан бұрын пайда болған еді.
Осыған дейін шілде айында 9to5Mac жаңа смартфон болуы мүмкін делінген iPhone 6S-тің артқы қабының суреттерін жария еткен болатын. Сол суреттерде смартфонның артқы бөлігіндегі барлық өзгеріс көрінген еді. Порталдың мәліметінше, Apple жаңа жүйе тақтасын енгізеді.
Ал өзге қауесеттерге сенсек, iPhone құрылғысына 12 мегапиксель камерасымен, А9 жаңа процессорымен және екі гигабайт жедел жадымен жабдықталады. Смартфон екі модельде шығады, олардың экрандарының сапасы мен көлемі iPhone 6 және iPhone 6 Plus (4,7 және 5,5 дюйм) модельдерінің көшірмесі болады. Келесі iPhone қыркүйекте таныстырылады.
Ф. Абилова