Samsung үш бүктелетін планшет шығарады

Samsung үш бүктелетін планшет шығарады
Фото: androidinsider.ru

Қазіргі әлемдік нарықта бағасы әрі сапасы жағынан ең ұтымды өнімдерді Қытай мен Үндістанның стартап компаниялары ұсынуда. Ал алып корпорациялар жаңа бастаулармен нарықтағы беделін сақтап қалуға тырысып жатыр. Оңтүстік кореялық Samsung компаниясы осындай жаңалықтың алдында тұр.

Алып корпорация дөңес смартфондардан бүктелетін планшеттерге өтуді жоспарлауда. Айта кетсек, компания жаңа өнімге 2013 жылы патент алып үлгерген болатын. Ғаламторда тараған мәліметке орай, планшет өз үлгісіндегі алғашқы өнім болмақ.

Интеллектуалды жекеменшікке жауапты кореялық мекеме 30-0757696 нөмірлі патентті жариялады. Патент қағаз беттері сынды жеңіл бүктелетін жаңа гаджеттің түрін дәйектейді. Үш бүктелген кезде қолға икемді болатын өнім жұмыс үстелінде қос экранды компьютер қызметін атқарады.

Алдын ала көзге елестету біршама күрделі болса да, көптің қызығушылығын өзіне тартып отыр. Дегенмен планшеттің күрделі компьютерлік функциясы мен техникалық құрылымы оның бағасы мен шығу уақытына әсер етуі бек мүмкін.

Әйтсе де, Samsung компаниясы бұл жобаны екі жылдан бері дамытып келеді. Ғаламтор беттерінде бүктелетін планшеттен кейін аналогиялық смартфон шығуы мүмкіндігі туралы да талқылануда.

Ж. Өрісбай