Эйфель мұнарасы экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етілді

Эйфель мұнарасы экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етілді

Алғашқыда тек халықаралық көрменің сәнін келтіру мақсатында салынған Эйфель мұнарасы қазіргі кезде Париждің символына айналып үлгерді. Осыдан 127 жыл бұрын құрылған мұнара бірнеше рет өзгеріп, қайта жөндеуден өткізілгені белгілі. Кезекті жөндеу жұмыстары барысында мұнараның бірінші қабатын электр энергиясымен қамтамасыз ете алатын жел электрлік генераторлары орнатылыпты. Бұл француздардың жасыл экономика аясында жасалып жатқан жобаларының бірі екен.

Екі тігінен орнатылған жел турбиналары мұнараның екінші қабатына (122 метр) қондырылған. Инженерлердің айтуынша, дәл осы биіктіктен желдің максимум жылдамдығын алуға болады екен. Жаңа жобаның арқасында генераторлар жылына 10 мың киловатт энергия шығарып, мұнараның шығынын азайтатын болады.

Айта кетсек, жел турбиналарын аты әлемге әйгілі мұнараға америкалық Urban Green Energy компаниясы қондырып берген. Мұнараға жаңа қосылған элементтердің ерекшеленіп тұрмауы үшін ол бірдей түске боялыпты. Жасыл экономиканың технологиясымен айналысатын америкалық компания генераторлардың дыбыссыз жұмыс істеуін маңызды деп тауып, қамтамасыз еткен. Себебі шулы генераторлар Парижге келуші туристердің демалысын бұзуы мүмкін. Urban Green Energy компаниясы өкілдерінің айтуынша, жұмыс дыбысы адамның сыбырынан да төмен болады екен.

«Эйфель мұнарасы – әлемдегі ең әйгілі туристік ғимараттардың бірі. Француздардың бұл жоба мақсатын жүзеге асыруда біздің заманауи технологиямызға сенім білдіргендері үшін ризамыз. Енді мұнда келуші туристер жел турбиналарын көріп, энергияның экологиялық таза әдіспен шығарылып жатқанына көздері жететін болады», – дейді Urban Green Energy компаниясының басшысы Нил Блиттерсвик.

Сурет: desktopwallpapers.org.ua

Оқи отырыңыз: 

2017 жылдан бастап шведтер жаппай жүргізушісіз көліктерге мінеді

iMove (Apple) электромобильдері 2020 жылға қарай шығады

АҚШ-та кілтті 3D-принтермен шығару әдетке айналды

Apple өзінің жеке іздеу жүйесін шығаруы мүмкін

Ж. Өрісбай