LG өзінің WebOS платформасын нарыққа шығармақ

LG өзінің WebOS платформасын нарыққа шығармақ

Оңтүстіккорейлік компания келесі жылдың басында әлемде аналогы жоқ смарт-сағат шығаруды жоспарлаған. Жаңа өнім Android платформасына бәсекелес болатын WebOS оперативті жүйесіне қондырылмақ.

«Біз алдымен өзіміз тәуелсіз басқара алатын платформаны іске қосамыз. Ол WebOS оперативті жүйесі болмақ. Ендігі шығатын барлық өнім тек осы платформаның жүйесінде жұмыс істейтін болады», - дейді LG компаниясының ресми өкілі The Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында.

LG Google-дің бағдарламамен қамту жүйесінде (Android) жұмыс істейтін бірнеше ақылды сағатын шығарып үлгерген. Айта кетсек, соңғы шыққан G Watch R моделі Android Wear платформасымен қамданған.

Ғаламтордағы өзге де ресурстарға сүйенер болсақ, LG смартфонға тәуелді болмайтын ақылды сағат шығаруы мүмкін. Жаңа гаджет дербес коңырау шалу функцияларын орындай алатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, оңтүстіккорейлік компания 2013 жылы Hewlett-Packard (HP) компаниясынан WebOS оперативті жүйесін сатып алған болатын. Көптеген сарапшы бұл келісімді сәтсіз бағалаған. Себебі аталған платформа сатуға дейін Android және iOS жүйелерінің бәсекелестігіне төтеп бере алмаған еді.

Ресми келісімнен кейін LG Android аналогын (WebOS) әр түрлі гаджеттерге бейімдеп көреді. Нәтижеде WebOS тұтыну техникаларының виртуалды кеңістігіне айналды. WebOS жүйесімен жұмыс істейтін теледидар 2014 жылы шықты. Содан бері LG-дің барлық өнімі аталған платформаға бейімделіп келеді.

LG компаниясы басшылығының айтуынша, жаңа бағыт оң нәтижесін беріп келеді. Компания 2014 жылдың бірінші жартысында WebOS платформасындағы 1,1 миллион теледидарын нарыққа шығарыпты.

Ал смартфондар нарығына келсек, LG және Samsung сынды компаниялар Android жүйесіне тәуелді болып қала береді. Сондықтан оңтүстіккорейлік компаниялар жеке платформаларын дамытып келеді. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан CES 2015 халықаралық көрмесінде осыдан бастап LG WebOS платформасында, ал Samsung Tizen жүйесінде өнімдерін шығаратынын хабарлады.

Дегенмен LG смартфондары Android-та қала береді. Ділгірлік технологияда емес. Адамдар қазір қолда бар платформаға үйреніп қалған. Ал оны өзгерту өте күрделі үдеріс. Сондықтан WebOS әзірге тек тұтыну техникасын қамтамасыз етпек.

Strategy Analytics сараптамалық агенттігінің берген мәлімдемесіне орай, әлемдегі смартфондардың 95%-ы Android және iOS платформалары негізінде жұмыс істейді. Ал қалған бөлігі WebOS сынды енді дамып келе жатқан жүйелердің еншісіне тиесілі екен.

Сурет: geekongadgets.com

Ж. Өрісбай