Студентке қажетті қосымшалар #1

Студентке қажетті қосымшалар #1
Фото: Univerlife!

Студент болу – білім іздеу, дүниетанымыңды кеңейту, білім-біліктілікті қалыптастыру деген сөз. Алайда білім іздеу оңай деп кім айтты?! Оның үстіне ақпараттар заманы атанып отырған ХХІ ғасырда студент болу, тіпті, қиындай түсті. Студент тұрмақ, қазіргі мектеп бағдарламасы да күннен күнге қиындап, күрделеніп бара жатқанын жақсы білеміз. Ал біз ұсынып отырған мәліметтер кез келген мекемеде білім алушы талапкердің өмірін жеңілдетуге арналады.

Сайтымыз студент қауымына қажетті 14 қосымшаны ұсынады.

Алғыр оятқыш немесе пайдалы қоңырау

Көптеген адам оятқыш қоңырауын қалай автоматты түрде өшіріп тастайтынын байқамайды. Оның үстіне, қызық қуып, көп қыдыратын (арасында түнде сабақ оқып, сессияға дайындалатын «көсемдері» де бар) студент мырзалар оятқыштың қысқа ғана қоңырауына қыңқ етпейтіні белгілі. Ал бұл қосымшаның қоңырауын жай ғана өшіре салуға, тетігін баса салып, мүлги беруге мүмкіндігіңіз болмайды. Қоңырауды өшіру үшін көзіңізді ашу жеткіліксіз – сананы оятып, миды іске қосуыңызға тура келеді.

Аудиокітап

«Бағдарламада» бекітілген барлық әдебиеттерді, оқу құралдарын оқып шығу барлық студенттің қолынан келмейтін шаруа. Бірде шамаңыз келмесе, бірде жалқаулығыңыз кері тартады. Мұның бір шешімі бар: ол – аудиокітап. Өзге бір шаруаның мүмкіндігін шешіп жатып аудиокітапты тыңдасаңыз, екі бірдей шаруа бітіреріңіз хақ. Оның үстіне көлік кептелісінде, кезек күтуде, өзге де тынымсыз тіршіліктің күйбең-күтісінде тұрғанда аудиокітапты тыңдап, біліміңізді пысықтасаңыз, уақытты құр құртпағаныңыз.

Recordium (диктофон)

Диктофонда жазылатын нәрселердің көбі қажетсіз саналады. Алайда бұл қосымшаның ерекшелігі – қажетті, керек бөліктерді белгілеп қоюуға болады. Бұл өз кезегінде, лекцияның жартысағаттық құр жазылымын қысқартып, керек бөліктердің сақталуына мүмкіндік береді.

MyScript Calculator (калькулятор)

Бұл калькулятор қолтаңбаны тани алады, жазылған таңбаларды сәйкестендіре отырып, есепті шешеді. Ғылыми калькулятордың фанаты болмасаңыз, онда мына қосымша қарапайым есептерді шешуге толықтай мүмкіндігі жетеді.

Coursera

Бұл қосымшаның мүмкіндігі зор, ешқандай аналогы жоқ бағдарлама. Мұнда сіз әртүрлі пәндердің, кәсіби біліктілікті арттыру курстарын таба аласыз. Оның үстіне көпшілігі әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері мен институттары ұсынып отырған курстар. Батыс елдерінен ақпарат алудың таптырмас мүмкіндігі.

QuickReader

Бұл қосымша сізді тез оқуға баулиды. Бұл –  қазіргі уақытта ең қажетті, орын таптырмас қабілет екендігі белгілі. Кітап қорын бір ресурста сақтау мәселе емес, ал оны оқу – сіздің міндетіңіз. Жаттығыңыз, нәтижесі сізді таңдандыратыны сөзсіз.

Evernote

Уақытыңызды жоспарлауға көмектесетін қосымша. Бұл қосымшаның танымалдығы уақыт өткен сайын артып келеді. Өміріңіздегі барлық жағдайларды реттемеуі мүмкін, алайда көп міндетті шешетіні анық. 

Жалғасы бар...

М. Ақан