Apple Tesla Motors көлік концернін сатып алуы мүмкін

Apple Tesla Motors көлік концернін сатып алуы мүмкін
Фото: idow.ru

Силиконды алқапта дағдарысқа байланысты көптеген өзгеріс болып жатыр. Компьютер құрастыратын HP компаниясы жұмысшыларын қысқартып жатса, Tesla Motors компаниясының инженерлері өз еркімен жұмыстан кетуде. Нәтижесінде Элон Маск жоспарлаған Model X кроссовері уақытынан кешігіп шығуы мүмкін.

Америкалық миллиардер Элон Маск 2008 жылы дағдарыстың бірінші толқынынан аз шығынмен шыға алған болатын. Ал қазіргі жағдай мүлде бөлек. Электромобиль құрастырып жатқан мамандар Apple ұсынған жоғары жалақы мен сыйақыны мақұлдап, Tesla Motors компаниясынан кетіп жатыр. Apple құпия түрде электромобиль технологиясымен айналысып жатқанын біз осыған дейін де хабарлаған едік.

Ресми емес ақпаратқа орай, Apple-дің құпия жобасымен мыңға жуық маман айналысып жатыр. Олардың басым бөлігі – Tesla-ның бұрынғы қызметкерлері. Айта кетсек, Силиконды алқапта электромобиль технологиясымен айналысатын көптеген инженерлер әлеуметтік желілердегі аккаунтында Tesla Motors компаниясын өздерінің «бұрынғы жұмыс орны» деп белгілеген. Ал Масктің айтуынша, Apple тәжірибелі мамандарға 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы ұсынып отыр.

Бұл Tesla Motors компаниясының жұмыс жоспарына кедергі болып қана қоймай, құлдырауға да алып келуі мүмкін. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы уақытта Тим Кук Tesla басшысы Элон Маскке компанияның басқару акциясын сатуға ұсыныс беруі мүмкін. Бұған тек Элон Маск дайын емес. Себебі, оның осыған дейінгі жобалары тек дивидент алып келген.

Ж. Өрісбай