- Негізгі бет
- Шолу
- Өз жұмысын хакер...
Өз жұмысын хакер болып бастаған миллиардерлер #2
Microsoft, Apple, Facebook, Twitter, Dropbox, WhatsApp сынды компаниялардың негізін қалаушылар да бастапқыда серверлерді бұзумен айналысқан. Кейін онлайн платформалар жасап, миллиардтаған қаржыға кенелді.
Шон Паркер
Байлығы: $6,3 млрд
Шон Паркер белгілі w00w00 хакерлік тобының мүшесі болған. Дегенмен, Силиконды алқаптың танымал тұлғалары Шонның хакерлікке аса қызығушылық танытпағанын айтады. Бірақ Vanity Fair басылымының жазуынша, Паркер 16 жасында желіні бұзғаны үшін қамауға алынған екен. Белгілі болғандай, Паркер интернет компанияның желісін бұзып жатқан кезде әкесі оның пернетақтасын алып қояды. Сол себепті, Шон желіден шыға алмай, оның IP-адресі анықталып, тұтқындалады.
Napster және Plaxo стартап-компанияларының негізін қалаған Шон Паркер университетте білім алмаған. Аталған стартаптар заңсыз әрекеттерге барғаны үшін (музыкалық әуендердің авторлық құқығын бұзады) жабылады. Forbes тізімінде 215-орында тұрған жас IT-миллиардер Facebook компаниясының алғашқы президенті болған. Кейіннен есірткімен ұсталып, компания басшылығынан шеттетіледі. Дегенмен, Facebook компаниясының 3,2% акциясын өзінде сақтап қалады.
Джек Дорси
Байлығы: $2,7 млрд
Джек Дорси жастайынан картографияға қызығып, студент кезінде осы салада жұмыс табуға тырысқан. Картографиямен айналысатын Dispatch Management Services компаниясына жұмысқа орналаспақ болады. Компанияның ресми сайтында байланыс номерлерін таба алмай, хабарласу үшін сайтты бұзады. Сосын оның осал жерлері туралы басшылыққа хат жолдады. Осылай Джек компаниядан ресми ұсыныс алады.
Нью-Йорк университетінде білім алып, бағдарламалық қамту саласының архитекторы мамандығын иемденген Джек Туиттер (Twitter) әлеуметтік желісінің негізін қалайды. Бүгінде Джек Дорси – Twitter корпорациясының директорлер кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар, мобильді құрылғылардың көмегімен төлем қызметтерін жасайтын платформа құрастырады. Бүгінде Джек Дорси басшылық ететін Square корпорациясы $3,2 миллиард тұрады. Forbes есебі бойынша 2,7 миллиард АҚШ доллары бар.
Дрю Хьюстон
Байлығы: $1,2 млрд
Dropbox қызметінің негізін салушы Дрю Хьюстон бастапқыда онлайн ойындардың бета нұсқасының осал жерлерін іздеумен айналысқан. Кейіннен видео ойындарды құрастыратын компания Дрюді ойынның қауіпсіздігіне жауапты етіп жұмысқа алады. Силиконды алқаптың болашақ миллиардері бірнеше стартап-компанияларда жұмыс істеп, өзінің Dropbox қызметін құрастырады.
Дрю Хьюстон компьютер ғылымы мамандығы бойынша Массачусетс Технологиялық Институтында білім алады. Әлемдегі ең үздік ЖОО-ның бірінде танымал «Phi Delta Theta» IT-тобының мүшесі атанып, өзінің болашақ бизнес-серіктесі әрі досы Араша Фирдоусимен танысады.
Стив Джобс
Байлығы: $14 млрд
Apple корпорациясының аты аңызға айналған негізін қалаушы Стив Джобс студент кезінде досы Стив Вознякпен бірге Blue Boxes аппаратын сатумен айналысады. Аталған құрылғы телефон қызметін бұзып, тегін хабарласу мүмкіндігін беретін болған. Бірде Джобс: «Егер Blue Boxes болмағанда Apple де болмас еді», - деп биографиясының авторы Уолтер Айзексонге айтқан еді.
Шындығында, бүкіл әлем Стив Джобстың дарынын мойындайды. Ол әлемдік IT-технологияның алғашқы дамытушыларының бірі болған. Кез келген өнімнің артықшылыққа ие болғанын қалаған Стив Apple басшылығынан біржола кетсе де, кейіннен дағдарыс кезінде компанияға қажет екені белгілі болады. Джобс плеер немесе смартфон ойлап тапқан жоқ. Ол бар өнімді өзіндік деңгейде дамыта алды. Сол үшін де бүкіл әлем оны «Ұлы дизайнер» ретінде таниды.
Ж. Өрісбай