Майысқақ теледидар: аңыз ба, ақиқат па?

Майысқақ теледидар: аңыз ба, ақиқат па?

Заманауи адамды 80, 100, 144  ядролы прцессорлар, барлық мүмкіндігі бар сенсорлар немесе «ақылды» технологиялар, әртүрлі функциялы гаджеттер таңғалдырмайтын болды. Себебі, бағдарламашылардың шебер қолы енді техниканың дисплейін «сиқырландыра» бастады. Бүгінгі таңдағы ең өзекті «экрандық» технология атағын OLED (Organic Light-Emitting Diode) яғни, «майысқақ дисплей» алып отыр.

LG Display компаниясы – оңтүстік кореялық LG Electronics-тің құрамында жұмыс істейді. Олар былтырғы жылы-ақ майысқақ экрандар төңірегіндегі сериялық жұмыстардың басталғанын хабарлаған болатын. Осы кезде компания жыл сайын 12 000-ға жуық «экрандық материалды» шығару туралы жоспарын да айдай әлемге таратты. Тіпті, осы технология базасындағы смартфондарды да сатылымға шығарып үлгерді.

Арада көп уақыт өтпей жатып, яғни, биылғы жылдың ақпан айында өткен Лас-Вегастағы көрмеде LG мен Samsung «ең үздік теледидар өндіруші» деген атақ үшін таласты. Сол жерге LG Electronics 77 дюймалық 4К-экранды CES OLED-теледидарын әкелген екен. Ұсынушылардың айтуынша, қолданушы дисплейдің қисықтығын пульттің көмегімен өзгертіп отыра алады. Қисықтың дәрежесі көрерменнің экранға алыс не жақын тұрғандығына байланысты көрінеді. LG 77 дюймалық OLED-теледидарды жасау үшін бір жыл уақыт жұмсаған, ал тәжірибе үшін «он мыңдаған сағат» кеткен екен. Бұл теледидарлар осы жылдың соңында жаппай сатылымға шығады деп күтілуде. Иә, майысқақ теледидар ұғымы ешқандай да аңыз емес.

Осы тұста OLED-технологиялардың артықшылықтарын айта кетейік:

  • Майысқақ әрі салмағы төмен;
  • Бұрыштамалары үлкен;
  • Жұқа;
  • Жарық;
  • Бейнелер анық көрінеді;
  • Қоршаған ортаға зияны да аз;
  • Энергияны аз талап етеді;
  • Олардың жұмысына қажетті диапазон температурасы – 40- +75 градус аралығында.

Ең үлкен кемшілігі – қымбат материалдардан жасалғандықтан, бағасының да қолжетімсіз болуында. Алайда, мұны тек уақыттың еншісіндегі кедергі деп білу керек.

Лампалық теледидардың дәуірі аяқталуға шақ қалды. Дүкендерді сұйықкристалды немесе плазмалық теледидарлар жаулап алды. Енді майысқақ теледидар шығатын болса, олардың да заманы өтер...

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: smart-tv-news.ru