Samsung компаниясы Galaxy S5 смартфоны мен Gear Fit "ақылды сағатын" таныстырды

Samsung компаниясы Galaxy S5 смартфоны мен Gear Fit "ақылды сағатын" таныстырды

Samsung компаниясы өзінің жаңа Galaxy S5 смартфонының таныстырылымын естен кетпес шоу түрінде ұйымдастырып бақты. Кеш Барселонаның Халықаралық конгресс-орталығында болып өтті. Енді көпшілік күткен жаңа гаджетпен жақынырақ таныс болайық.

Samsung флагманының сыртқы келбетіне біршама өзгерістер енгізгенімен, компания құрылғыларындағы дәстүрлі пластиктен түбегейлі бас тарта қоймаған. Мысалы, смартфонның алдыңғы панелі Galaxy S4 кезеңінен бері өзгеріске ұшырай қоймаған болса да, артқы қақпағын Nexus 7 моделінің 2012 жылғы нұсқасымен салыстыруға әбден болады. Яғни материалда бірнеше саңылаулардан тұрады.

2

Samsung дизайнерлерінің сөзінше, мұндай сыртқы беті бар телефонды қолда ұстау өте ыңғайлы. Компания өзінің соңғы рет таныстырған Galaxy Note III құрылғысындағыдай теріден жасалған корпус бетінен бұл жолы бас тарта тұруға шешім қабылған екен.

Енді смартфонның ішкі құрылымына назар аударып көрейік.

Соңғы кезде телефон өндірушілер арасында міндетті түрде болуы керек деген сенім орнатқан ылғал мен шаң-тозаңнан қорғау стандарты бұл модельге де қатысты. Смартфон IP67 стандартына сәйкес аталған талапты орындап отыр.

7

Девайс қолданушыларға бірден ақ, қара, көк және алтын түстерінде ұсынылатын болады.

3  

Galaxy S5 экраны мүмкіндігі 1920-ға 1080 нүктелі 5,1 дюймды өлшемге ие. Ондағы панельдің типі  - AMOLED. Осы жерде айта кететін жәйт, компания осыған дейін жаңа модельдің дисплейін едәуір сапалырақ етіп, тіпті оны 2560-қа 1440 етіп жасайды деген ақпараттар пайда болған еді. Алайда байқағаныңыздай, әзірге Samsung аса жоғары сапалы дисплейге ие смартфондарды жасауға құлықсыздық танытып отыр (бәлкім қаржылық жағдайларға байланысты болар). Яғни, осы жағынан келсек, компания өз табынушылары күткен сенімді ақтай алмады.

Ал смартфон өзіндегі аппараттық негіз ретінде 2,45ГГц жиіліктегі және жиілігі 578 МГц дейін ұлғайтылған Adreno 330 графикалық ядросы бар Qualcomm Snapdragon 801 процессорын қолданады. Сондай-ақ оның қоржынында 2 Гбайт оперативті және 32 Гб дейін флеш-жадтары бар (Егер бұл да сізге аздық етіп жатса, оны microSD картасы есебінен тағы да ұлғайта аласыз). Galaxy S5 сыйымдылығы 2800 мА/сағ болатын аккумуляторға ие болды.  

6

Смартфондағы жаңалық ретінде онда пайда болған иесінің саусақ іздерін танитын функциясын айтсақ болады. Ол үшін саусағыңызды экран бетімен жоғарыдан төмен қарай өткізсеңіз жеткілікті. Ғажайып датчик бірден үш саусақты тани алады. Бұл қорғаныш қызметін смартфонды бұғаттан шығаруға немесе жеке ақпараттарыңызды сақтауға пайдалана аласыз. Одан бөлек, Galaxy S5 «тамыр соғысын» есептейтін датчигі бар тұңғыш смартфон атанды.

Жүрек қағысын өлшеу үшін иесі құрылғыдағы камера объективінің астында орналасқан арнайы элементке саусағын қойса жеткілікті, денсаулық жағдайы жөнінде барлық мәліметтерді шығарып береді.

5

Жаңа модельдің камерасы да біраз мақтауға лайықты. Samsung ол түсірген суреттердің сапасын біршама жақсартуға тырысып баққан, сол үшін де оған едәуір өзгерістерді енгізгені байқалады. Мысалы, оның негізгі камерасы 16 мегапиксельді құрағаннан бөлек, компания хабарлағандай Galaxy S5 қазіргі кездегі смартфондар арасында ең жылдам автофокустау механизміне ие болып отыр (0,3 секунд). Сондай-ақ оның тағы да бір артықшылығы ретінде камераның видеоларды Ultra HD форматында түсіре алатындығын айтсақ болады.  

Смартфон Wi-Fi 802.11 a/b/g/n/ac, MIMO(2x2), Bluetooth 4.0 және LTE Category 4 сымсыз технологияларын қолдай алады. Ал операциондық жүйе ретінде Android 4.4.2 Kitkat орнатылған. Galaxy S5 габариттік өлшемдері 142 x 72.5 x 8.1 мм болса, салмағы 145 граммды құрайды.

Сондай-ақ, бұл кеште Galaxy S5 смартфонынан бөлек, Gear ақылды сағаттарының үшінші буыны өз қолданушыларына жол тартты.

1

Оның ресми атауы -  Gear Fit. Бұл Tizen арқылы жұмыс жасайтын 1.83 дюймды (432-ге 128 нүктелі) майысқан экраны бар жіңішке қол сағат. Gear Fit ақылды сағатындағы негізгі ерекшеліктер ретінде жүрек қан тамырлары соғысын анықтайтын датчик пен әр басқан қадамды анықтайтын «қадам санағышты» айтсақ болады. Ондағы барлық мәліметтер арнайы қондырылған S Health қосымшасына беріледі.

2

Одан бөлек, Gear Fit ылғал мен шаңнан қорғалып және бауын тез арада алмастыра алатындығымен мақтана алады.

Аталған қос өнім сәуір айының 11-ші жұлдызынан бастап әлемдік нарыққа жол тартпақ. Әзірге екеуінің де бағасы жөнінде ешқандай ақпарат жоқ.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: technodaily.ru, ubergizmo.com

Б. Қосмағамбет