Tengrinews.kz ақпараттық порталының қазақ тіліндегі нұсқасы жасалды

Tengrinews.kz ақпараттық порталының қазақ тіліндегі нұсқасы жасалды

Осыған дейін орыс тілінде хабар таратып келген Tengrinews.kz ақпараттық порталы бұдан былай қазақтілді қолданушылар үшін де қызмет етпек. Дәлірек айтсақ, жақыннан бастап сайттың қазақ тіліндегі нұсқасы (Kaz.tengrinews.kz) іске қосылды. Осыған байланысты жобаның жұмысымен белсене айналысқан топтың жетекшісі әрі «Алаш Айнасы» интернет-газетінің бас редакторы Серік Жанболат сайттың қазақша нұсқасының келешегі жөніндегі ойымен бөліскен еді.

Сайттың контентіне тікелей аудармалардан бөлек, қазақ тілінде жазатын журналистердің эксклюзивті материалдары да кіретін болады. Серік Жанболаттың сөзінше, жобаның алғашқы кезеңінде дәл осы эксклюзивті материалдарға басты назар аударылмақ.  

«Tengrinews.kz ақпараттық порталының қазақтілді сегментін дамыту жөніндегі мәселе басшылықтың бұрыннан бергі ойы болатын. Біз де осыған қарай ақырын жақындай бастадық. Қызметкерлерді газеттік форматтан интернет форматқа сай ақпараттармен жұмыс жасауға үйреттік. (...)»,-дейді Серік Жанболат. Tengrinews.kz сайтының қазақша нұсқасының колумнистері мен авторлары ретінде танымал қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен мәдениет саласының мамандары қызмет ететін болады.

Айта кетейік, осы жобамен бірге бұрынғы «Алаш-Айнасы» күнделікті газетінің де жаңа интернет нұсқасы жасақталу үстінде. Жаңа контенттермен жабдықталған интернет ресурсы алдағы уақытта Қазнет қолданушыларына жол тартпақ.

Tengrinews.kz ақпараттық сайтының қазақша нұсқасының ресми аккаунтарына қазірдің өзінде Facebook және Twitter әлеуметтік желілерінде жазыла аласыз.

Одан бөлек, Tengrinews.kz сайтының 2011 жылы іске қосылған ағылшын тіліндегі нұсқасының да бар екендігін айта кетейік.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: kaz.tengrinews.kz

Б. Қосмағамбет