Шымкенттік ғалымдар жеміс-жидектен чипс жасап шықты

Шымкенттік ғалымдар жеміс-жидектен чипс жасап шықты

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті азық түлік өндірісі технологиялары кафедрасының мамандары жеміс-жидектерден қытырлақ картоп (чипс) жасап шықты, деп хабарлайды Астана арнасы. Жаңа өнімді жасап шыққан ғалымдар оны кәдімгі чипстерге қарағанда адам ағзасына пайдалы деп сендіріп отыр.

Кафедра профессоры Әзірет Шыңғысовтың сөзінше, жеміс-жидек чипсінің жасалу технологиясы өнімнің құрамында дәрумендердің мейлінше көп сақталуына кепілдік береді. Одан бөлек, жеміс-жидек чипсінің құрамында қант пен басқа да қоспалар болмайды.  

Жастардың сүйікті асына айналып үлгерген қытырлақ картоп тек алма мен шабдалыдан жасалынған. Бірақ, ойлап табушылар әзірге чипстерді сатылымға шығаруға ертерек дегенді айтып отыр. Оған себеп оны жасау технологиясының әлі де болса жетілмегендігі. Ғалымдар тобы алдағы уақытта өздері жасаған өнімге патент алып, оның кәдімгі чипстермен бәсекелес тағамға айналарына сенімді.

Шымкенттік ғалымдар жеміс-жидек чипсінің ресми таныстырылымын Астанадағы EXPO-2017 көрмесінде  ұсынуды жоспарлап отыр.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: roma.expertcook.ru 

Б. Қосмағамбет