Windows vs Apple. Биылғы жылға болжамдар

Windows vs Apple. Биылғы жылға болжамдар

Осыдан бірнеше жыл бұрын Windows компаниясы жеке компьютер сату бойынша Mac OS X-тен 60 есеге дейін алда болатын. Қазір бұл көрсеткіш екі есеге дейін қысқарды. Егер осы тұста мобильді құрылғыларды да есепке алар болсақ, онда басымдық iPhone мен iPad өндіруші компания жағына да шығып қалуы ғажап емес.

Gartner мәліметіне сүйенер болсақ, электроникалар әлемінің танымал сарапшысы Гораций Дедью (Horace Dediu) жүргізген сараптама бойынша 2012 жылы Windows тұғырнамасындағы компьютерлер «макпен» салыстырғанда 19,8 есе көп сатылған (309 миллионға 17 миллион дана). Арада жыл өткеннен кейін бұл ара қатынас 18,8:1-ге дейін қысқарды. Ал 2004 жылы ол 57:1 (182-де 3,2 миллион). Демек әр сатылған Mac-компьютерге 57 Windows тұғырнамасындағы компьютерден келді деген сөз.

Санақтарға сүйенсек, 2013 жылдың қазаны мен қарашасы аралығында әртүрлі операциондық жүйемен жұмыс жасайтын 82,2 миллион десктоп пен ноутбук шығарылған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6%-ға кем. Оның басты себебі iPhone және iPad өнімдерінің қолданушылар арасындағы сұранысының өсуімен байланысты нарықтың кейбір қатысушылары өнімдерінің санын қысқартып, тіпті біреулері бұл ойыннан шығып қалды деген болжамдар айтады.

Қазір Apple гаджеттер нарығында өзін сенімді ұстауда. Сарапшылардың ойынша, дәл осы компания биылғы жылы компьютер құрылғыларын шығару өндірісінде Microsoft-тың алдын орауы әбден мүмкін. Гораций Дедью 2013 жылы әлем бойынша OS және OS X платформасындағы 260 миллион құрылғы сатылады деген болжам айтып отыр. Сонымен «алмалы» техникаға сұраныстың дәл осылай өсуі Windows-пен жабдықталған планшеттер, смартфондар мен үстел компьютерлері сатылымының төмендеуіне әкеп соқпақ.

Алайда әлемде әлі күнге дейін ең танымал операциондық жүйе болып Android қалып отыр. Биылғы жылы осы ОЖ-мен шығарылатын құрылғылардың саны 1 миллиардтан асып жығылуы мүмкін. Бұл деген өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға артық деген сөз. Android бүкіл электрониканың 45%-ына қондырылмақ. Өткен жылы ол 38%-ды құраған болатын.

Gartner болжамынша, ағымдағы жыл қорытындысында әртүрлі операциондық жүйеде жұмыс жасайтын барлығы 2,5 миллиард компьютер, планшет, ноутбук және мобильді құрылғылар нарыққа жол тартпақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға көбірек. Ал оның ішінде Windows базасында 360 миллион өнім шығарылса (+10% көп), iOS және OS X тұғырнамасында 344 миллион гаджет сатылмақ (+29%).  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

 Сурет: forum.pixbits.com

 

Б. Қосмағамбет