Android жүйесіндегі Nokia-ның суреті жария болды

Android жүйесіндегі Nokia-ның суреті жария болды

Қытайлық Sina Weibo микроблог сервисі қолданушыларының бірі Android жүйесі бар Nokia смартфонының суретін жария етті. Бұл туралы WMPoweruser блогына сілтеме жасаған Lenta.ru хабарлайды.

Суреттен қорғаныш қабына салынған қара түсті смартфонды көруге болады. Экранында Nokia сөзі, астыңғы бөлігінде «Артқа» түймесі көрініп тұр.Фотосурет смартфонның инженерлік үлгісі болуы мүмкін. Суреттің қашан, қай жерде түсірілгені белгісіз. Nokia-ның Android операциялық жүйесімен жұмыс істейтін телефон жасап жатқаны жайлы ақпарат ғаламдық желіде өткен жылдың қараша айында пайда болған еді. Ол кезде аппараттың суретін құпия ақпаратты жайып жіберуге маманданған Evleaks микроблогы жария қылған болатын.

Normandy деген кодтық атауы бар смартфонның «форк» аталатын, яғни сыртқы түрі өзгерген Android-ты пайдаланатыны хабарланған-тын. Құрылғының интерфейсінде Windows Phone платформасындағы элементтер қолданылады.

Nokia әзірше ғаламторда жарияланып жатқан ақпараттар жөнінде қандай да бір түсініктеме берген жоқ. Кейбір ақпарат құралдарының мәліметінше, компания мұндай аппараттың үлгісін жасағанымен кейін Microsoft-пен арадағы келісімнен соң одан бас тартқан.Айта кетейік, Nokia-ның қазіргі смартфондарының барлығы Windows Phone қолданады. Оған қоса, компания смартфон мен қарапайым қалта телефонының гибриді - Asha аппараттарын шығарады.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: lenta.ru

А. Құлтай