Негізгі / Лайфстайл / Техно / Білесіз бе? / КСРО. Қазынаны толтыру амалы: Лотерея тарихы
КСРО. Қазынаны толтыру амалы: Лотерея тарихы

Ресейде лотерея ойыны XVIII ғасырда пайда болған. Жалпы, лотерея сол кездің өзінде мемлекеттік қазынаны толтырудың әрі қайырымдылыққа қаржы жинаудың жақсы жолы саналатын.

Мәселен, лотереядан түскен қаржы соғыс пен аштықтан шапа шеккендерге көмек ретінде берілген. 1829 жылы орыс патшасының өзі жүлде қоры 500 сомға тең лотереяны ұйымдастыруға жарлық берген. Демек, патшаның лотереяға деген көзқарасы оң болған.  

Алайда большевиктер құмар ойынды аса ұнатпаған. Мұны капитализмнің жұрнағы әрі социалистік қоғамға жат нәрсе деп түйген. 1918 жылы құмар ойындарына тыйым салынды, жаза күшейтілді. Алайда Кеңес үкіметі үш жылдан кейін бұл заңды алып тастауға мәжбүр болды. Өйткені мемлекет қазынасына қаржы керек еді, ал құмар ойнағысы келгендер қаптап жүр. Мемлекет лотерея ойнатуға рұқсат еткенімен, қатаң бақылады.

1921 жылы елде жаппай ашаршылық болды. Сонда кеңес үкіметі елден қаржы жинау үшін құмар ойындарын жаппай ұйымдастыра бастады. Мұны М.Калинин бастаған көмек көрсету комиссиясы ұйымдастырды. Лотерея үшін жәрдем көрсеткісі келгендер көп болған көрінеді. Түскен қаржы көлемі де мол болған.

Өткен ғасырдың 40-жылдары лотерея аз ойнатылды. Бірақ 1957 жылы Кеңес одағы VI Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалін өткізбек болып, оған жұмсалатын мол қаржыны лотерея арқылы жинаған.

Ал 50-шы жылдары лотерея кеңес азаматтары үшін қалыпты іске айналды. Билет сатылымын көбейту үшін ұйымдастырушылар нарықта аз кездесетін мотоцикл, тоңазытқыш, тұрмыстық техника, велосипед сынды тауарларды бәске тігіп, сауданың көрігін қыздырғандай болды. Ал сол кездегі кеңес адамның арманы да сол – көлік-тұғын.

Ол кездегі лотереяның ең үлкен кемшілігі бар еді: билет сатылғаннан тираж өткенге дейін көп уақыт кетеді әрі тираждың өзі ойыншыларсыз өткізілетін еді де нәтижесі газетте жарияланатын.

70-інші жылдар – Кеңес одағында "Спортлото" тиражы танымал болған уақыт. Ал 1974 жылы "Спортлото" тікелей эфирден трансляция жасалып, оған қызыққандардың, құмартқандардың қатарын одан әрі көбейтті. Кейбір жолы болғыштардың шынымен бағы жанып, қомақты жүлдеге қол жеткізді. Алайда бұдан бәрінен бұрын ұтқан – мемлекеттің өзі. Салықтан миллиондаған ақша түсіп жатты.

«Спортлотомен» бірге танымал болған тағы бір лотерея – "Спринт". Ең жеңіл, оңай лотереялардың бірі еді. Тираж, эфир күтіп қажет емес, азамат дүңгіршекке барып, конвертке салынған билетті сатып алып, ашып жүлденің бар не жоғын біле салатын. Билеттің екі түрі бар: бірі – 1 сом, екіншісі – 50 тиын тұрады. Бағалы сыйлықтар екі билетте де бірдей, бірақ автокөлік, көбінесе, бір сомдық билетке жасырынатын. Бұл уақыт – адамдары көлік алу үшін жылдар бойы кезекте тұратын кезі, ал лотерея арқылы әп-сәтте-ақ жүлдегер болуың мүмкін. Мұндай мүмкіндікті кім жібергісі келсін?

Кеңес кезінде букмекерлік контор болған емес, бірақ спортқа болжам жасаушылар аз емес-тұғын. 1987 жылы сатылымға "Спортпрогноз" лотереясы шықты. Сатып алып, 13 мачтың 11-ін нақты тапқан адамға ұтыс төленетін.

Әрине, лотереядан ұтқандарға қарағанда ұтылғандар көп болды. Оны бәрі білетін. Бірақ кеңес азаматтары сатып алынған билеттің бағасы әйтеуір мемлекет қалтасына түсетіндіктен, аса қынжыла қоймайтын. Мемлекет қазынасына түскен қаржы, демек, кеңес халқының игілігіне жұмсалады деп сенген.

Дайындаған: Қымбат Слямбеков
Фото: yandex.kz
Қосылған күні: 05 мамыр, 10:00